алтын доп, Лионель Месси,  футбол, үздік футболшы,

«Алтын допты» неге Месси жеңіп алды?

Месси биыл тағы да жылдың үздік футболшысы атанып, ұлттық құрамасымен және командасымен тарих қойнауына енді.

Ол ұлттық құрамасымен бірге өміріндегі ең үлкен трофейі Америка Кубогын жеңіп алмас бұрын, қара шаңырағына айналған клубы «Барселонаға» Копа дель Рей марапатын иеленуге көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ ол сол турнирдің Үздік ойыншы атанған еді.

Міне осы жетістіктері үшін әлем жанкүйерлері Мессиге таңырқай қараған болар. «Барселона» да мұндай «ауыр салмақты» футболшыға шамасы келмей, жаңа келісім жасай алмады. Осыдан соң барып қана шабуылшы Францияға кетуге мәжбүр болды. ПСЖ-ға барған соң, Лионельге оңай болмағаны белгілі. Алайда, ол соңғы ойында үш нәтижелі пас беріп, жалпы 11 ойында 4 гол соқты.

«Алтын допқа» Мессиден бөлек лайықты қарсыластар болғанын да атап өту керек. Роберт Левандовски «Бавария» сапында 33 жасында да жарқылдап жүр. Биылғы маусымда 20 матчта 25 гол соғып тамаша көрсеткіш көрсетті. Алайда, «Алтын допқа» үміткерлер тізімінде екінші орынға тұрақтапты. Роберт былтыр 2020 жылдың «Алтын доп» марапатын иеленуге сөзсіз фавориттердің қатарында болды. Бірақ, France Football пандемияға байланысты ол марапатты табыстамауға шешім қабылдапты.

Жартылай қорғаушы Жоржиньо да көш басынан көрінуге лайықты аяқдопшылардың бірі болған. Ол «Челси» клубымен Чемпиондар Лигасын, ал, Италия құрамасымен Евро-2020 кубогын жеңіп алған еді. Десе де, ол үздіктер тізімінде үшінші орынға жайғасыпты.

Бензема үздіктер кестесіне кіргенімен, үздік үштік қатарынан табыла алмады. Әйтпегенде, Франция ұлттық құрамасында, «Реал Мадрид» командасында шебер ойын көрсетіп-ақ жүр.

Ал Килиан Мбаппе мен Эрлинг Хааланд «Алтын доптың» лайық иегерлері. Бірақ, қазір емес, болашақта.

«Алтын доп» иегерін таңдау процесі қалай өтеді?

Алдымен France Football басылымы марапатқа лайықты деген 30 футболшыны таңдайды. Кейіннен, «Алтын доп» марапатын анықтау үшін әлем журналистерінен құралған және мамандардан жинақталған әділқазылар алқасы жасақталады. Әділқазылар, алдымен қатысушының жыл барысында иеленген жеке және командалық жетістіктеріне қарайды. Екіншіден, ойыншының шеберлігіне. Нақтырағы таланты мен әділ ойынына. Үшіншіден, футболшының жалпы карьері.

Бір әділқазыдан бірінші орын алған ойыншы 6 ұпай алады. Екінші орын алған 4, үшінші алғаны 2, одан төмен алғаны 1 ұпайдан алып отырады. Осындай іріктеу нәтижесі бойынша анықталған (Топ-10) үздіктер тізімі төмендегідей:

1) Лионель Месси - 613

2) Роберт Левандовски - 580

3) Жоржиньо - 460

4) Карим Бензема - 239

5) Н'Голо Канте - 186

6) Криштиану Роналду - 178

7) Мохамед Салах - 121

8) Кевин Де Брюйне - 73

9) Килиан Мбаппе - 58

10) Джанлуиджи Доннарумма – 36

 

Дереккөз: goal.com