ластану, экология, қазақстан, лас ауа, жаһандық проблема,

Ауаның ластануы – бүгінгі күннің бас ауруы немесе лас ауа қалай мыңдаған адамның өмірін жалмап жатыр

Аида Ермекбаева, H-News, Шымкент - Ауаның ластануы әлі күнге ең өзекті жаһандық проблема болып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше бойынша, жыл сайын әлемде 7 миллионға жуық адам ластанған ауаның кері әсерінен тыныс алу ауруларына шалдығып, қайтыс болады. Мұндай жағдайға тап болғандардың бірі - жас қызынан айрылған Роза Кесебаева. 

Алматы қаласының тұрғыны Роза өткенді толқып еске алды. Ауыр демікпеден зардап шеккен қызы Айдана тоғыз жасында қайтыс болды. Айдана үш жыл бойы демікпеге байланысты ұстамалардан зардап шеккен. Анасының айтуынша, қала орталығында өскен қызы мектепке барған кездері жөтелмен ауырған. Дегенмен тоғыз жасар балада мұндай тоқтаусыз аурудың не себепті пайда болғанын біле алмаған.

Қызының көзі тірісінде Роза бұл жағдайды медициналық түрде ұғынуға тырысты. Енді ол баласының өлімі ауаның ластануымен байланысты екеніне толық сенімді. Себебі медициналық жазбалар “ауаның ластануы Айдананың өліміне белгілі бір мөлшерде түрткі болды” деген қорытындыға келген екен. Қызының қысқа өмірінде өкпесі әлсірегенін, ластанудың жоғарылауынан соңғы үш жылдың оны қайта-қайта ауруханаға жетектеп алып барумен өткенін айтады…

Жалпы ауаның ластануы Қазақстанда да өзекті мәселелердің бірі екенін ұмытпау керек. Дүниежүзілік банктің Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүргізген ұлттық деңгейдегі алғашқы “Қазақстан Республикасы. Қазақстандағы ауаның ластануы мен парниктік газдар шығарындылары арасындағы өзара әрекеттесуді бағалау” атты жаңа есебіне сәйкес, еліміздің мегаполисі Алматыда ауаны ұсақ бөлшектермен ластаудың концентрациясы қыс айларында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қоршаған ортадағы ауа сапасы жөніндегі нұсқаулықтан үнемі асып түседі. Банк бұған негізгі себеп, шағын тұрғын үйлерді жылыту пештері, көліктер мен зауыттардан келетін көмірқышқыл газдарды екенін айтуда.

Ауа сапасын бақылаудың жаһандық платформасы Numbeo баяндамасына сәйкес, осы жылы Алматы ластану индексі бойынша әлемдегі 353 қалалардың арасында шамамен 78 көрсеткішімен алғашқы 59-орынға тұрақтады. Банк мәліметінше, неғұрлым көрсеткіш жоғары болған сайын, соғұрлым ауа сапасы нашарлай береді. Нәтижесінде Алматы экологиясы ең қауіпті жүздікке кіріп отыр. Ал елордада салыстырмалы түрде ластану индексі анағұрлым төмен. Әлемде ауасы ең ластанған қала болып Солтүстік Македония қаласы Тетово болса, Норвегия қаласы Ставангер ластану көрсеткіші бойынша соңғы қатарда.

Алматы қаласының қазіргі ауа сапасы өзгерулерге қарамастан он жыл бұрынғы қалыппен бірдей. 2019 жылы жаһандық пандемияның жариялануына байланысты қалада қозғалыс тоқтап, ауа көліктер мен зауыттардан болатын зиянды ұсақ бөлшектерден едәуір тазарған болатын. Дегенмен одан кейін ластану үрдісі тоқтап қалған жоқ. Көрсеткіш пандемиядан соң қайта көтерілді, деп баяндайды Numbeo. Жалпы ауа сапасының нашарлығы Қазақстанның ірі қалаларының тұрғындарының денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Жастайынан өмірден озған Айдана - соның бір мысалы ғана. Одан бөлек өкпе ауруы секілді ауа сапасы нашарлығынан туындайтын дерттерге шалдығып, зардабын шегіп жатқандар да жоқ емес. Алматы қаласының тұрғыны Тимур Рәжіпов те тыс қалмай, қаладағы ауаның ластану салдары жайлы сөз қозғады. Ол кешке ауа сапасы қатты бұзылатын кезде демікпеге ұшырайтынын айтады. Бос уақтын саябақтарда өткізгенді жақсы көреді. Ол жағдайдың нашарлығына қарамастан, Қазақстан автокөліктерді қолдануды азайту, жаңартылатын энергияны дамыту, жасыл аумақтарды қорғау немесе сақтық шараларын ұтымды ету үшін ештеңе жасаған жоқ дейді. Ал Қарағанды қаласының тумасы Шияра Рахатова астмамен ауырады, ауаның ластануы жағдайды одан сайын ушықтырады. Оның тіпті тауға көшіп кеткен кездері де болған екен. Бірақ ол қазіргі таңда ауаның нашар халімен күресіп жүр. Алматыда кейде ауаның ластануы өте қорқынышты, дейді Шияра. Бұл мәселенің салдарынан созылмалы жөтелмен жиі ауыратыны да жасырын емес…

Дүниежүзілік банктің 2022 жылға арналған зерттеуі бойынша, жыл сайын қоршаған ортаның ластануы, оның ішінде ауа сапасының нашарлауы, 11 мыңнан астам адамның мезгілсіз көз жұмуына әкеліп соғады. Ресей мен Украинадан бөлек Орталық Азия мемлекеттері ішінен Қазақстан ластанудан туындайтын өлім саны бойынша Өзбекстаннан кейінгі алғашқы көшті бастап тұр. Салыстырмалы түрде Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанда адам шығыны азырақ.

Сонымен қатар, ауаның ластануы Қазақстан экономикасына жалпы 12 миллиард доллардан астам шығын әкеледі. Бұл есептеутер Дүниежүзілік Банктің баяндамасында көрсетілген. Орталық Азия мемлекеттері арасынан экология мәселесі бойынша Қазақстан ең көп шығынға кенелетіндердің қатарында. 

 

Жалпы осы міндетті шешу үшін Қазақстан Үкіметі өз қалаларында ауаның ластануын азайту бойынша жұмысты толық атқарып жатқан жоқ деп дабыл қағады елдің белсенділері. Ал бұған әркімнің жауабы бар. “Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларына ықпал ететін қазбалы отынды кеңінен пайдалану салдарынан ауаның ластануымен байланысты күрделі мәселелер бар. Дүниежүзілік тәжірибе ауаның ластануын азайту бойынша үнемді шаралар парниктік газдар шығарындыларын азайтуда әрқашан тиімді бола бермейтінін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан осы екі маңызды міндетті қатар шешу үшін кешенді тәсілді қолдануы қажет. Ал біз Дүниежүзілік банк тобымен елге ауаның ластануымен де, климаттың өзгеруімен де күресте үздік әлемдік тәжірибені бейімдеуге дайынбыз”, - деді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы менеджері Жан-Франсуа Марто. 

Ұлттық зерттеудің қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банк тобы Алматы мен Нұр-Сұлтан үшін халықтың PM 2.5 және парниктік газдар шығарындыларының әсерін азайту үшін үнемді техникалық шаралар мен саяси шараларды анықтау үшін қалалық деңгейде талдау жұмысын жүргізуде. Қала деңгейіндегі зерттеулердің нәтижелері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ауаның сапасын кешенді басқару және парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша жол картасын құруға мүмкіндік береді. Біріктірілген тәсіл декарбонизация және ауаның ластануын азайту стратегияларының бірін-бірі нығайтып, нәтижесінде ресурстардың тиімдірек жұмсалуын қамтамасыз етеді. Дегенмен бұл да қажетінше іске аспауда.

"Қазіргі уақытта ластанудың қауіпті деңгейі туралы халықты хабардар ету жүйесі жоқ. Ауа сапасы туралы ақпарат көпшілікке күнделікті қолжетімді болуы тиіс. Көптеген елдерде ауа сапасы туралы мәлімет ауа райы туралы ақпаратпен бірге беріледі. РМ 2,5 концентрациясының жоғары деңгейлерінде халыққа смс хабарламалар жіберілуі тиіс. Мысалы, Лондонда тұрғындарға ауаның сапасы мен денсаулығына қатысты хабарлама телефондарына жіберіледі. Соған қарап адамдар демалыстарын жоспарлайды. Егер зиянды қалдық мөлшері көп болса, бронх демікпесі барлар сыртқа шықпай, үйде отырады. Бұл - әрбір азамат назар аударуы тиіс өзекті мәселе", – деп қайырамыз экобелсенді Әсия Тулесованың сөздерімен.