қайта өңдеу, шымкент, қазақстан, қоқыс, экология,

Қазақстан және Шымкент қаласындағы қалдықтарды қайта өңдеу жұмысы қалай жүріп жатыр?

Аида Ермекбаева, Шымкент, H-News - Egov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпаратының тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40% – ға, 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жетуі тиіс. Яғни, 20 жылда тұтынуға жарамсыз қалдықтардың жартысына дерлігін қайта кәдеге жарату жоспарда тұр. Жоспардың іске асуы қазіргі жағдайға көз жүгіртуден басталмақ. HalyqNews ресми ақпараттарға сүйене отырып аталған мәселе төңірегінде сөз қозғайды.

Egov мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын Қазақстанда 4,5-5 млн.тонна қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Ал оларды қайта өңдеп кәдеге жарату қаншалықты дәрежеде жүзеге асып жатқаны әр қалада әр түрлі көрсетілді. Соңғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы аймақтар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары алдыңғы жылдарға қарағанда қайта өңдеу жұмыстарын едәуір жақсартқан. 2020 жылы көшті Нұр-Сұлтан қаласы бастады, ал Шымкент қаласы келесі орынды иеленді.

Жалпы Қазақстан бойынша көрсеткіш соңғы төрт жылда артқан. Демек, тұтынуға жарамай қалған не болмаса тасталынған қатты заттарды өңдеп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына жылдан-жылға мән беруде. Дегенмен, тұжырымдама бойынша қайта өңдеу үлесі әлі де аз.

Шымкент қаласына келетін болсақ, 2020 жылы қалдық өңдеу көрсеткіші 26 пайызға жетті. Бұл жөнінде Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев және «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Ғани Қарабековтің қатысуымен өткен брифингте айтылды. Брифинг барысында спикер қатты тұрмыстық қалдықтардың мәселесіне тоқталып өтті. “Шымкентте «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылданады. Бұл нысан бүгінде жыл сайын түзілетін, кәдеге жаратылатын және өңделетін қалдықтардың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуда. Мәселен, өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраса, биыл оны 27 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселесі бойынша «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылуда,”– деді А.Татыбаев. Осы орайда Ғани Ажединұлы «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында» тал егуді бір жүйеге қою жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұл өзгерістер экологиялық эксперттік мамандармен бірлесе жүзеге асып отыр. Айта кетейік, аталған саябақта 406 түрлі ағаш-бұта өседі. Бұл ретте гендік қорын көбейту мақсатында көлемі 1,5 гектар тұқымбақ пен көлемі 0,03 гектарды құрайтын жылыжайда 108 түрлі ағаш-бұтаны тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуы бойынша Шымкентте 2020 жылы 52,5 мың тонна қоқыс қайта өңделген. Шымкент қаласындағы «Ақтас-1» қоқыс полигоны 2015 жылдың наурыз айында іске қосылған. Аумағы 34 гектарды құрайтын полигон тәулігіне 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға қауқарлы. Оның ішінде 29 гектар қоқыс полигоны болса, 5 гектарында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауыты орналасқан. Мұнда қазір 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жалпы Egov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпаратының тұжырымдамасына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтар Нұр-сұлтан, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда, сондай-ақ, негізінен, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында сұрыпталады және қайта өңделеді. Қорыта айтқанда, Қазақстан бойынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу енгізілген елді мекендер және кәсіпорындар саны жеткіліксіз. Халқы көп Шымкент қаласының өзінде 1 ғана бөлек жинау енгізілген елді мекен, 1 ғана сұрыптау енгізілген елді мекен және небәрі 5 қана қайта өңдеу кәсіпорыны бар.