колония, түрме, абақты, шымкент, әйел, қылмыс,

Қазақстандағы қатаң режимді колониядағы әйелдің әңгімесі

Өткен аптада еліміздегі әйел адамдарға арналған ең қатал түзеу колониясына барып, қамақтағылармен сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Түрмеге алғаш рет кіріп тұрған соң болу керек, ерекше әсерлендім. Сіздерге сол сұхбаттасқан адамдардың әңгімесі мен санамда туған ой-сезімдермен бөліссем деймін.

Түрме Шымкент қаласында орналасқан. Әйел адамдарға арналған Қазақстандағы қатаң режимдегі жалғыз абақты. Өзіме осындай ерекше түзеу колониядағы адамдармен әңгімелесу бұрыннан қызық еді. Ниетімізді мекеме басшылығына жеткіздік. Көп ұзамай сұранысымыз қабылданып, сұхбат алуға рұқсат алдық. Рұқсат бергеннен кейін, кішкене сасып қалғаным рас. Қанша дегенімен адам өлтірген, алаяқтықтың көкесімен айналысқан нағыз қанішерлер емес пе? Сонда да, іштегі журналистік қызығушылық басым түсіп, абақтының арғы бетіндегілермен кездесуге бел будым.

Белгіленген күн келді. Таңертең ондар шамасында қабырғасы биік, темір есіктің алдында тұрмын. Ішкі жақтан ер кісі шығып, не үшін келгенімді сұрады. Рұқсатым бер екенін айтып едім, кіргізді. Алдымнан әйел кісі шығып, өзін танстырды. Түрмеде мені алып жүретінін айтты. Мұқият тексерді. Одан кейін барып, ішке кіруге рұқсат берді. Есіктерден кіре бастадық. 3-4 темір қақпалардан өттік. Барлық жер жабық. Жан-жақтың барлығында бейнекамера. Мұндай жерден қашып шығу мүмкін еместей көрінді. Екінші қабатқа көтеріліп, кішігірім залға кіргізді. Сотталушылармен осы жерде сөйлесетінімізді айтты.

Күтіп отырмыз… Ішімнен, өзі онсыз да тағдырдың тәлкегіне түсіп, талай психикалық жарақат алып жүрген адаммен не сөйлесемін? Ашуланып, қайғырып жүрген адаммен тіл табыса аламын ба? Бақырып жыласа ше? Немесе маған бас салса? Түрлі ойға беріліп отырмын. Бір кезде түрме қызметшісі қазір келетін сотталушы бүгін 9 жыл 11 ай дегенде бостандыққа шыққалы отыр. Сұхбаттасып қалыңыз деді. Мәссаған… Бір айы кем 10 жыл ғой. Он жыл абақтыда отырған адам қандай болады екен? Қызығушылығым одан сайын арта түсті. Көп ұзамай есіктен орта бойлы, басында орамалы бар, бетперде киген әйел кірді. Ұзын кекілі орамалдан шығып тұр. Салем беріп, арнайы дайындалған орындыққа отырды.

- Құтты болсын! Сізді бүгін босатады дейді.

- Иә, рақмет.

- Қандай сезімдесіз?  

 -  Сене алар емеспін. Заттарымның барлығын жинап қойдым. Бірақ, қазір осы сұхбаттан соң бостандыққа шығатыныма сене алмаймын. Жаңа үйдегілерге қоңырау шалдым. Үлкен әпкеммен сөйлестім. Жылап қалды. Оған, мен тірімін ғой. Неге жылайсың дедім.

- Туған-туыстарыңыз сізді сыртта күтіп отырған шығар?

- Жоқ. Барлық туыстарым Нұр-Сұлтанда. Олар мені сол жақта күтіп отыр. Қазір өзім шығамын да, пойызға отырып сол жаққа тартамын.

Шығамын, пойызға отырамын деген сөздерді ерекше тебіреніспен айтып отырғанын сездім. Бұл кісі туралы тағы да көбірек білгім келіп, әрі қарай сөзге тарттым…

Мен тілдесіп отырған азаматша Чек Ирина. Жасы 55-те. Көкшетау өңірінен. Мұнда 2012 жылы Қыркүйек айында келіпті. Абақтыға отыру себебі есірткі тасымалдаған. Түрмеде 10 жылға жуық тігінші болып жұмыс істеген. Аз-маз айлығы бар. Осында жүріп колледж де бітіріп алыпты.

- Иә, 10 жыл деген оңай емес… Мұндай іске не үшін бардыңыз? Яғни, есірткі тасымалымен айналысуға не түрткі болды?

- 90 жылдардың басы болатын. Тоқыру кезеңі. Балабақшада жұмыс істейтін едім. Жұмыссыз қалдым. Сол арада күйеуім де қайтыс болды. Нан табу керек. 4 жасар балам бар. Сөйтіп жүргенде есірткі тасымалдауға ұсыныс жасады. Сыйақысы да қомақты болды. Амал жоқ келістім. Айтқандарындай апарып бердім. Ештеңе болған жоқ. Ақшасын алдым. Осылай 1 рет, 2 рет, 3 рет… Кейіннен қолға түстім. Осылай алғаш рет темір торға тоғытылдым. Бұл ісім үшін жазамды өтеп, бостандыққа шыққан соң, сол есірткі тасымалдаған нашақорларға қарыз болып қалып едім. Мені еріксіз осы іске тағы да итермеледі. Осылайша екінші рет абақтыға жапты. Ешкімді айыптамаймын. Кінәмді толық мойындаймын. Тағдыр ғой. Не істейсің енді…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары расымен де оңай болмапты… деп ойлай беріп едім кенет, кейіпкердің қолына, анығырақағы тырнағына көзім түсіп кетті. Анықтап қарасам маникюр.

- Тырнағыңыздан маникюрді байқап қалдым. Мұнда рұқсат береді ме? Және оны кім істеп береді?

- Иә, бізге маникюр жасауға рұқсат береді. Оны жасайтын шеберлер бар. Камерада бос кезде жасаймыз. Біз әйел заты емеспіз бе? Әйел барлық жерде әйел. Қай жерде, қандай жағдай болса да әйел болып, адам болып қалуы керек.

- Түзеу колониясындағы өміріңіз жайлы аз кем айтып беріңізші…

- Жалпы, Оңтүстік халқы өте жылы ғой. Біздің Солтүстік секілді емес. Бір камерада 8 адам жатамыз. Әр қайсысының өзінің ерекше тағдыры бар. Достасып кеттік. Қандай да бір қиын жағдайларға тап болсақ псхологқа барамыз. Сөйлесеміз. Жақсы қабылдайды. Ішіміздегін айтамыз. Жұмыс істеуге болады. Осындай жағдай жасап жатқаны үшін түрме басшылығына алғысымды айтамын.

Әңгіме соңында осындай өмірге құштар адамнан өз-өзіне қол жұмсаған адамдар туралы ойын білгім келді. Соңғы жылдары елімізде мұндай оқиғалар жиілеп кеткенін айттым. Өзі де Алматыда 9-шы қабаттан балаларын лақтырып, артынша өзі секіріп кеткен әйел туралы да естігенін айтып қалды.

- Мен 9-шы қабаттан секірген ананың оқиғасын естігенде қатты қиналдым. Өз балаларын лақтырып жібергенін естігенде ішімнен «Ол ана емес» дедім. Мені құтқарады деген анасына қолын созып тұрған балапандарын, өз қолымен лақтырып жіберу… ешқандай адамдықтың шекарасына сыймайды. Бұл менің ойым. Мен сотталсам да мен де анамын. Немере сүйіп отырмын.

Жалпы, суицидке бару өте үлкен күнә. Атам айтып еді, басыңа қандай ауыртпашылық түссе де мойымай өмір сүруді жалғастыру керек. Сынаққа шыдамай қол жұмсай салу оп-оңай. Өмір бізге бір-ақ рет беріледі ғой. Иә, қателесесің, қиналасың. Бірақ бұл қиындықтан шығатын жол емес. Суицид жасайтын адамдарда психикалық ауытқу бар деп ойлаймын. Мүмкін ата-анасы бала тәрбиелеуде бір қателік жіберген шығар. Ал отбасында қиыншылық болса, әйелі мен күйеуі отырып, сөйлесу керек. Талқылау керек. Көмектесу керек. Біз не үшін үйлендік? Ешқашан айырылмауымыз тиіс деп. Арада балалар болса тіпті болмайды. Мен мұндайларды түсінбеймін.

- Бұл осында отырып түйген ойыңыз ба?

- Осы жыл аралығында өткен өмірімнің барлығын қайтатан таразылап көруге мүмкіндік болды. Бір рет шалыс бастым. Заңды аттадық. Ең бастысы тірімін. Өмір сүргім келеді. Немере бағып дегендей. 

- Айтқандай, есірткіні қанша көлемде тасымалдаған едіңіз?

- 500 грамм тасымалдадым. Кейін…

- 500 грамммен түрмеге осынша уақытқа қамалады ма?

- 1 граммның өзі аса ірі көлем болып табылады. Сондықтан айырмашылық жоқ. 500 грамм тасыдың ба, 3 килограмм тасыдың ба. Бәрібір бір мерзім тағайындалады. Жалпы, есірткіге жоламау керек. Нашақор адамдар – ауру адамдар. Осының салдарынан қаншама отбасы құлады. Қайғы-қасірет. Өзім нашақор емеспін. Бұл іске де амалдың таусылғанынан бардым. Адамдар өз өмірлерін қайта қарасын. Мен түрмеге отырғаныммен, нашамен айналысатын негізгі адамдарды ұстамады. Енді бұл өмірдегі сот қой. Ертең о дүниеде де сот бар екенін естен шығармаған жөн.

Негізгі сұрақтарым бітті. Тағы да сұрайтын дүниелер бар. Алайда, рақмет айтып, тезірек қоштастым. Есітген ақпараттарымды қорытып, ойланғым келді. Түрмедегі қанішер, жауыз, алаяқ, суайт адамдар туралы ойым тіпті басқаша болып шықты. Колонияның өзі ше? Қатал түгі де жоқ. Уақытылы тамақ, қаласаң жұмыс істейсің. Қаламасаң жоқ. Спортпен, өнермен шұғылдануға жағдай жасалған. Тіпті, аспаз, тігінші болып жұмыс істеп, жалақы алып жүргендер де бар. Рахат емес пе? Жо-жоқ. Азат, бостандықта өмір сүргеге не жетсін. Мұндағылардың өкініш, күйініште жүргені де сондықтан. Бала-шаға, туған-туысқан, дос-жарандардың арасында жүргеннің өзі бір ғанибет қой. Бірақ, азат өмірде нәпсінің, құлқымыздың абақтысында жүрген жоқпыз ба? Ондай азамды азат деуге болады ма? Осындай ойлардың жетегінде тағы екі сотталушымен әңгімелесіп, түрмеден шыға бердім. Ол кейіпкерлердің шым-шытырық өмірлері туралы алдағы номерлерде жаза жатармын.