суицид, қазақстан, статистика, өз-өзіне қол салу, зерттеу, Аида Ермекбаева,

Қазақстандағы суицид: «тамырға түсе алмадым»

Аида Ермекбаева, Шымкент, H-News - 2003 жылдан бері 10 қыркүйек сайын әлемнің барлық елдерінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мен оны болдырмауға бағытталған шаралар өтеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы есебіне сәйкес, суицидке көбіне жастар барады. Өз өміріне балта шабуға тырысып баққан сол жастар қатарында 24 жастағы Толқын бар. 

Толқынның айтуынша, үлкендер бала мәселесін мәселе деп қарамайды. Ауылдық орта мектепте оқып жүргенде бір-екі үйде ары тұратын сыныптасы өз-өзіне қол жұмсаған. Толқын және досы ол кездері небәрі 12-13 жаста еді. Толқынның анасы оны досы қайтыс болар күннің кешінде дүкенге жіберген. Қараңғы кеште Толқын досын өзімен бірге дүкенге алып шыққан. Екеуі бірге сағат кешкі ондар шамасында нан сатып алған, кейін үйге бірге қайтқан. Келесі күні мектепке келсе, құрбысы жоқ екен. Сабақтан кейін сынып жетекшілері досының қайтыс болғанын хабарлады. Үйге жылап келген Толқын оның өлгеніне сене алмаған. Сөмкесін дереу тастап, үйіне жүгірген. “Бала кезімде бұл мен үшін ауыр соққы болды”, - деп еске алады Толқын.

Досының жанұясы оны кешкі 22.00-ден кейін дәлізде асылып қалған күйде тапқан екен. Толқын “досын тірі көрген соңғы адам болдым” дейді. Үйге бірге қайтып, көңілді қалжыңдасқанын еске алды. Өзге құрдастары мен таныстары содан кейін соңғы кездері күдікті нәрселерді байқап-байқамағаны жайлы жиі сұрайтын болыпты. Толқын негізі белсенді оқушы болған. Қайғылы жағдайдан соң бірден интровертке айналған. Ол өзін кінәлі сезіне бастаған. “Сол күні кешке үйге асықпасам, бәрі басқаша болар еді деп үнемі ойлайтынмын”, - дейді ол.

Сонымен Толқын орта мектепте ата-анасына қалада оқығысы келетінін айтып, ауысты. Байқау арқылы бірден қаладағы үздік мектептердің біріне қабылданғанына қарамастан, білім деңгейі қала оқушыларынан төмен болды. Оқу үлгерімі едәуір төмендеді. Бұрын ешқашан төмен баға алмаған ол үшін үлкен мәселе болды. Кейінірек ол мектеп ауыстырды, ағылшын тілінде оқытатын мектепке түсті. Мұғалімдер онда “емтихан қиын болады” деп қорқытқан. Оның үстіне сырт келбетіне көңілі толмайтын, балалық шақтағы жауапсыз махаббат пен ата-ана тарапынан жылы лебіз сезінбеген.

Мектеп бітуге жақын қалғанда күйзеліс күшейе түсті. Депрессияға түсті. Ұйқысыздық болды, жиі есін жоғалтты. Жалғыз қалмауға тырысты. Өткенде болған оқиға үшін өзін кінәлі сезінумен болды. “Өз-өзіне қол жұмсауға бір ғана себеп болды десек қателескен болар едік: проблемалар жылдар бойы жиналып келеді,” - дейді Толқын.

“Бір кезде өзімді ешкімге керек еместей сезіндім. Мен бірден өз-өзіме қол жұмсаған жоқпын. Мен дайындалып жүрдім. Бірде мен тамырымды пышақпен кесіп тастадым. Құдайға шүкір, тамырға түсе алмадым. Қан аға бастағанда есімді дереу жидым. Одан бұрын не істегенім, пышақты алып, жуынатын бөлмеге қалай барғаным есімде жоқ. Лезде қолымды орамалмен орап, медпунктке бардым”, - дейді ол…

“Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Дүниежүзілік Банктің есебіне сәйкес, Қазақстан соңғы 20 жылда елдер арасында өз-өзіне қол жұмсау орташа көрсеткіші бойынша алғашқы ондыққа ілікті. Көшті Лесото бастап, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея секілді елдер ондықтың қатарына орнықты”.

“Бұдан бөлек Дүниежүзілік Банк ұйымының пандемиядан кейінгі есебіне сәйкес, биыл Қазақстан халық санының аздығына қарамастан өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлемде 20-шы орында тұр. Жоғары көрсеткішпен Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Латвия, Словения және Моңғолия сынды елдер аталды”.

…Толқын жалпы бұл жағдайдан көмек сұрай алу және оны қабылдау арқылы шықты. Мектеп психологы мен мұғалімі де көмектескен. Олар балалық шағында болған оқиғаға Толқынның кінәсі жоқ деп түсіндірді. Ол енді қиындықтарын жасырмай, ашық айтуды үйренді. Олар Толқынға уайымдамауды, проблемалар туралы ашық айтуды, жылаудан ұялмауды үйретті.

“Адам қандай жағдайда болса да, оның басында не болып жатқанын, не ойлап жатқанын ешкім білмейді. Үлкендер баланың басында қандай проблемалардың бар екеніне түсінуге тырыспайды және оларды мүлде проблема деп санамайды да, мен сол нәрсені ұнатпаймын. Құрбым қайтыс болғанда үлкендердің талай рет “ол бала ғой, оның қандай проблемалары болуы мүмкін” деген айыптарын жиі естідім. Бұл ересектер үшін проблема болмауы мүмкін, бірақ бала үшін бұл маңызды. Яғни, баланың эмоционалдық жағдайын «ересек» шкаламен өлшеп, қорытынды жасау дұрыс емес”, - деп қайырды Толқын.

Әлемдік дабыл қағарлық көрсеткішке қарамастан,  Қазақстанның өзінің ішінде соңғы екі онжылдықта суицид индексі азайған. Дегенмен бұл әлі де өзекті мәселеге жатады.

скерту: кейіпкердің есімі өзгертілген)