ағылшын тілі, оқу, Әсемай, Әселай, ұбт,

«Егер ҰБТ-дан жоғары балл жинасақ, ағылшын курсын ашамыз деп уәделестік»

Әсемай мен Әселай-Түркістан облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Аядай ауылда туылса да, өздерін жан-жақты жетілдіріп, армандарын жүзеге асыру жолында талмай еңбектеніп келеді. Таудай талаптарының арқасында білім алған ордаларын «Алтын белгіге» тәмамдап, ҰБТ-да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде оқуға грант ұтып алды. Қазіргі таңда қос талант «125 Еducation Аcademy» орталығында қызмет етеді. Олар «Twins_teach» ағылшын курсын ашып, түлектерге тестілеуден жоғары ұпай жинап, грантқа түсуге көмек беріп жүр.

«Ауылда интернет байланысы нашар болғандықтан, таңертең ерте тұрып, ағылшын тілінен видеолар көріп, арнайы дайындық жасайтынбыз»

Әсемай Шырынбек: Шын білім аламын деген адамға тосқауыл жоқ. Біз ағылшын тілін меңгеру үшін курстар мен үйірмелерге барған жоқпыз. Өздігімізше ізденіп, барынша тілді еркін түрде үйренуге тырыстық. Менің өміріме тың серпіліс әкелген IQanat жобасы болды. 2019 жылы бұл жайлы көптеген ақпарат естідім. IQanat- қазақстандық демеушілердің ауыл мектептеріне арналған республикалық білім беру жобасы. Аталған бағдарлама аясында IQanat High School of Burabay мектебіне қабылдану үшін арнайы пәндерден тест тапсырдым. Олимпиаданың республикалық іріктеуінен өтіп, жеңімпаз атандым. Бұл жоба өз мүмкіндіктерімді дамытып, тұлғалық қасиеттерімді ашуға үлкен септігін тигізді. Мұндағы білікті мамандардың арқасында ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, ағылшын деңгейімді одан әрі өсірдім.

Әселай Шырынбек: ҰБТ-ға дайындық барысы қиындық пен қызыққа толы болып өтті. Мектеп бітіретін жылы Әсемай Бурабайға оқуға кетті. Ал мен ауылымда оқуды жалғастыра бердім. Шетел тілі педагогикасын таңдау үшін дүниежүзі тарихы мен ағылшын пәндерінен тест тапсыру қажет болды. Интернет байланысының нашарлығына қарамастан, таңмен таласа тұрып, тарихтан тест жаттайтынбыз. Бір-бірімізге сұрақтарды қайталап қойып, тест тапсыру арқылы тақырыпты бекітетінбіз. Әсемай Бурабайда болса да, видеоқоңырау арқылы күн сайын ағылшын тілінен сұрақтарды талқылап, талдап тұрдық. Нәтижесінде Әсемай 121, ал мен 122 балл жинадым. Төккен теріміз ақталды.

«Маңызды тақырыптар мен тарихи даталарды стикерлерге жазып, бөлмеге іліп қою керек»

Әсемай: ҰБТ-да жоғары ұпай жинаудың жалғыз жолы-жүйелілік. Керекті мәлеметтерді мектеп бағдарламасындағы кітаптардан таба аласыз. Себебі, тестілеу кезінде барлық сұрақтар сөзбе-сөз осы кітаптардан алынады. Сонымен қатар, түрлі әдістемелік оқу құралдары мен дәптерлерді пайдалансаңыз, бұл біліміңізді бекітіп отыруға зор ықпалын тигізеді. Маңызды күндер мен тақырыпшаларды, жаңа терминдерді стикерлерге жазып, бөлмеңізге іліп қойыңыз. Түрлі маркерлерді қолданып конспект жасау да артықтық етпейді. Ал соңғы әдіс-тестпен жұмыс. Бұл методика визуалды есте сақтау қабілетін арттыруға көмегін береді. Осы алгоритм арқылы жүйелі дайындық жүргізер болсаңыз, жоғары ұпайды қанжығаға байлайсыз.

«Тілді үйрете отырып үйреніңіз»

Әселай: Ағылшын тілін үйренуді бастамас бұрын, керекті жаңа сөздерді жаттап, оларды миға шегелеп алған дұрыс. Себебі, осы арқылы ойыңызды еркін түрде жеткізіп, ағылшын тілінде қойылған сауалдарға жауап бере аласыз. Сөздерді стикерлерге жазып, көзіңізге жиі көрінетін жерлерге іліп тастаңыз. Бұл тұста визуализация әдісінің де көмегі зор. Мәселен, «book» деген сөзді жаттаған сәтте, көз алдыңызға кітапты елестетіңіз. Сонымен бірге, фильмдерді ағылшын тілінде қараңыз. Көбірек тәжірибе жасауға тырысыңыз. Жаңа материалдарды жаныңыздағы адамға үйретіңіз. Бұл-үйрете отырып үйрену методикасы. Ең бастысы, бойыңызда қателік жасаймын деген қорқыныш болмау қажет.

«Егер тестілеуден жоғары ұпай жинасақ, ағылшын тілі курсын ашамыз деп уәде бердік»

Әсемай: Ағылшын курсын ашу - біз үшін мотивация болды. Осы жобаның арқасында күн сайын прогрессті байқап, сапалы білім алдық. ҰБТ-дан жақсы өтіп, грант ұтып алсақ, «Twins_teach» жобасын бастаймыз деп серттестік. Тіпті, жобамыздың қаңқасын құрып та қойдық. Мақсатымыз-жеке тәжірибемізбен бөлісіп, оқушыларға барынша көмек беру. «Twins_teach» -  қолжетімді бағада сатылады әрі сапалы видеолар мен пайдалы контенттерден тұрады. Жоба ең қажетті 45 тақырыпты құрайды. Курста міндетті түрде мұғаліммен кері байланыс болады. Ұзақтығы-1 ай. Біз түлектерге жоғары ұпай жиюға бағыт беріп қана қоймай, психологиялық та, кәсіптік те көмек береміз.

Әселай: Бірлескен жобамыздың арқасында «125 Education Academy» орталығының директорынан жұмысқа тұруға арнайы шақырту алдық. Тест тапсырып, деңгейімізді анықтаған соң орталыққа қабылданғанымызды айтты. Қуанышымызда шек болған жоқ. Бүгінде осы білім беру орталығында ағылшын тілінен түлектерді тестілеуге дайындап келеміз. 

Аружан Самидин