гендерлік саясат, ер, әйел, қазақстан,

Гендерлік саясат: қоғамда ер мен әйелдің теңдігі жайлы түсінік толық қалыптаспаған

Күні бүгінге дейін елімізде гендерлік саясат мәселесінің күрмеуі шешілмей келеді. Қоғамда ер мен әйелдің теңсіздігін айтып шағымданатындар қатары жетіп артылады. Гендер - екі тараптың мінез-құлқы мен әлеуметтік өзара қатынастарын айқындайды. Ал, гендерлік саясат қоғамдық өмірдің барлық салаларында ер мен әйелдің теңдігін, қоғамдағы орнын зерттейді. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің негізгі факторы болып табылады.

Қазіргі таңда әр адам таңдау еркіндігіне ие. Алайда, ел тұрғындарының көпшілігі әйел адамының үй шаруасымен ғана айналысу керектігін, саясат пен елдің әлеуметтік мәселелеріне араласпау қажеттігін алға тартады. Бұл халықтың гендерлік саясат жайлы түсінігінің төмендігін, саяси сауатсыздығын білдіреді. Иә, жасыратыны жоқ, біздің елімізде әйелдерді ерлерге қарағанда төмен санайды. ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің мәлімдеуі бойынша, Қазақстандағы әйелдердің жалақысы ер адамдарға қарағанда 1,6 есе аз. Мысалы, білім беру саласында 75,3%, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету мамандықтарында 79,2%, қонақ үй мен мейрамхана бизнесінде  68,8% республикамыздың нәзік жандылары көбірек қызмет атқаратыны дәлелденген. Ер адамдар болса, мемлекеттік басқару, құрылыс пен өндіріс, құқық қорғау салаларын таңдап, осы мамандықтарды игеріп, айлық табысын еселеп алады.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның пікірінше, еліміздегі нәзік жандыларды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқы топта ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын, отбасының «ошағын сақтаушы» аналар тұрады. Бұл топтағы әйел адамдарының жоғары білімі жоқ. Олар үшін күйеу-отбасының негізгі асыраушысы. Екінші санатты орта және егде жастағы әйелдер құрайды. Екінші топтың пікірінше, көп жұмыс істеп, аз айлық алудан гөрі, мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күнелткен дұрыс. Бұл адамдар жаңа дүниелерді үйреніп, көріп-білуге талпынбайды. Ал, үшінші топтағылар – кәсіпкер әйелдер мен жоғары жалақы беретін мекемелерде жалданып жұмыс істейтіндер. Олар - өз мамандықтарын жан-жақты меңгерген білімді тұлғалар.

Күн өткен сайын екі жақтың жеке құқығын қорғау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Себебі, Қазақстан үкіметі әйел адамдардың қоғамның барлық салаларына белсенді қатысуына жағдайлар жасауда. Бұл ел алдындағы ер мен әйелдің теңсіздігін жоққа шығарады. Аталған мәселені тереңірек зерттеу үшін БАҚ арнайы сауалнама құрып, анализ жасады. Сауалнамадағы басты сұрақ- «Гендерлік саясат бойынша әйел адамдар ерлермен бірдей күшке ие бола ала ма?» - деген сұраққа жауап беру кезінде де қатысушылардың гендерлік сауатсыздығы айқын байқалды. Көбісі гендерлік теңдік күштер теңдігі емес екенін естен шығарып жатады. Бұл нені білдіреді? Бұл – қоғамда ер мен әйелдің теңдігі жайлы түсінік толық қалыптаспағанын көрсетеді. Әр жағдайда нәзік жандылардың өз еркіндігі, бостандығы, жеке көзқарасы бар. Оны шектеп тастауға ешкімнің де құқығы жоқ. Бұл түйткілді жағдайды шешу үшін әйел затына деген дәстүрлі көзқарасты өзгертуге күш салу қажет.