өзбекстан, көлік, қазақстан, автосалон, көлік шығару, микросхема,

Неге Өзбектер өздері шығарған көлікті өздері міне алмай жүр?

Ала шапанды ағайын өз көліктерін өздері міне алмай жүр.

Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Қазіргі таңда көлік аламын деген 30 мың өзбек кезекте тұр. Өзбекстандық көлік шығарушы компанияның көлік шығару көлемі 23%-ке төмендеп, тамыз айында «Спарк» маркалы көлігінің бір де біреуі шығарылмаған. Ал «Шевроле Лацетти» маркасының 2 данасы ғана құрастырылған.

Жергілікті тұрғындар ақшасын төлеп қойып, өз көліктеріне өздері қол жеткізе алмай кезек күтіп жүргенде, көлік шығарушы компания Тәжікстанда дилерлік суда желісін ашқан.   

«Көрші елдің автонарығында монополист компанияның үстемдігі басым болып тұр. Бұл проблема бұрыннан бар дейді ала шапанды ағайындылар. Ал жуырда тағы бір мәселе пайда болды. Енді мынадай су жаңа автокөлікті сатып алу үшін өзбекстандықтар өз кезегін 3 айдан жарты жылға дейін күтулері керек. 1 көлік үшін кезек 30 мыңға дейін барады», деп жазады 24.kz тілшісі Риат Шони.

«Узавтосаноат» АҚ Баспасөз қызметшісі Зумрад Шаджалилованың айтуынша бұл мәселе пандемияның және қажетті микросхеманың жоқтығынан туындап отыр дейді.

«Әлемде көптеген зауыттар осы микросхемалардың тапшылығынан жабылып жатыр. Бұл бөлшектермен санаулы компания ғана жарақтандырады. Сондықтан тапшылық қатты сезіліп жатыр. Зауыттарымызда көлік шығару көлемі азайса да біз жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Тәжікстанда дилерлік орталығымызды аштық. Микросхемалардың тапшылығы экспорт көлемін де әжептәуір азайтып отыр. Жағдай толық қашан тұрақталатындығын айта алмаймын», деді З.Шаджалилова.

Айта кету керек, мұндай мәселе Қазақстанда да жоқ емес. Жоғарыда айтылған көлік электроникасына қажетті микросхеманың салдарынан Қазақстанда көлік қымбаттап жатыр. Бұдан бөлек Қытай карантин талаптарын күшейтіп, Қазақстанға Жапония мен Кореядан келетін көліктер кешігіп жатқан көрінеді. Соңғы бір-екі айда автосалондардағы көлік сатылымы 15 пайызға дейін төмендеген. Ал сатып алушылар былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға көбейген. Дилерлер тапсырысты қабылдап жатқанымен, жеткізіп беру едәуір кешіктіріліп жатыр.

Қазақстандықтар бұған дейін жаңа көлікті міну үшін 6 ай күткен болса, енді 8 айға дейін созылуы мүмкін.