жастар, Neet, оқу, жұмыс,

Оқымайды, жұмыс та істемейді... Neet санатындағы жастар қандай жастар?

Бүгінгі таңда қоғам арасында NEET термині (Not in Empoloyment. Education or Training) кеңінен танылуда. Бұл ұғымды қазақшаласақ, жұмыс істемейтін, оқуға талпынбайтын, жеке істермен айналыспайтын, қоғамға пайдасы жоқ адам. Жасыратыны жоқ, осындай жастардың қатары күн санап көбеюде.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми деректеріне сүйенер болсақ, NEET жастар үлесі республикамызда 7,9 пайызды құрапты. Статистикалық мәлімет бойынша, елдегі 15-29 жас аралығындағы оқу мен еңбекке тартылмаған жастар саны 315 мыңдай болады. Әсіресе, Түркістан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында NEET жастардың үлесі басымырақ.

NEET жастар қатарының артуы көңіл қуантарлық жағдай емес. Себебі, ел болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Жалқаулыққа салынып, аз жалақыға қызмет етуге келіспей, жұмыстық тәжірибеден өткісі келмейтін, жаңа дүнилереді үйреніп, алға ұмтылуға талпынбайтын жастар қоғамның ғана емес, күллі жұртшылықтың соры.

Сарапшылардың айтуынша, NEET санатындағы жастарды білім деңгейінің төмендігі, денсаулық жағдайының нашарлығы, ерте тұрмыс құруы, әлеуметтік жағдайы, шалғай елді-мекендерде тұруы, қызмет етуге деген қабілеттілігінің төмендігі мазалайтын көрінеді. Алайда, қазіргі күнде жұмыс істеуге құлшынысы бар жандарға арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен,  еліміздің әр қаласында “Жастарды жұмыспен қамту орталықтары” бар. Жоғары білім туралы дипломыңызды алып барсаңыз болды, мамандар арнайы жұмыс тауып беруге бар күшін салады. Одан бөлек, “Әлеуметтік жұмыс орны”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Еңбек”, “Жастар практикасы”, “Дипломмен-ауылға” сынды мемлекеттік бағдарламалар да бар. Қосымша табыс тауып, кәсіп бастаймын деген жастарға “Бизнеске бағыт” бағдарламасы әзірленген. Арнайы платформаларда көп уақыт бөлуді қажет етпейтін онлайн жұмыстар да бар. Әсіресе, бүгінгі интернет дәуірінде мұндай мамандықтардың саны артқан. Ай сайынғы жалақысы кәдімгі мемлекеттік қызметкерден 2 есе жоғары.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, NEET жастар үлесін азайтуда оң динамика мен арнайы жобалар әзірленген.