пандемия, жұмыссыздық, кедейлік, дағдарыс,

Пандемияның салдарынан әлемде жұмыссыздар мен кедейлер көбейіп келеді

Аида Ермекбаева, Шымкент, H-News - Жұмыссыздық, кедейлік және аштықтың күшеюін Ковид-19 жағдайымен байланыстыруға тұрарлық. Неге екенін Halyq-News соңғы баяндамаларға сүйене отырып хабарлайды.

Карантин шектеулері талай адамдардың жұмыстарынан айырып, күнкөрістің өзгеруіне себеп болды. Халықаралық Еңбек Ұйымының модельдік бағалауынша, пандемия кезде дүниежүзі бойынша жұмыссыздық 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 17%-ға, ал Қазақстанда 22%-ға артқан.

Әлемдік дағдарыс өз кезегінде кедейлердің де жағдайын қиындата түсті. Дүниежүзілік Банк кедейлікті 1997-98 жылдардағы жаҺандық экономиканы дүр сілкіндірген азиялық қаржы дағдарысынан соң 20 жылда алғаш рет өсті, деп отыр. Бұл тарихтағы үлкен өзгеріс. Жалпы 1999 жылдан бастап екі онжылдықта әлемде "тым кедей" санатында өмір сүретіндердің саны 1 миллиардтан астам адамға азайған болатын. Бұл азаю әрі қарай өз жалғасын табады деп күтілген. Дегенмен банк мәлімдемесіне сәйкес кедейлер саны соңғы екі жылда пандемия салдарынан азаюдың орнына тұрақты болып, өсу үстінде.

Бұл жайт елімізде де орын алды. Үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеуі бойынша кедейлік деңгейі 2020 жылғы IV тоқсанда 2019 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Кедейлік деңгейінің жоғары көрсеткіші Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалған.

Бүкіләлемдік банк топтары өткен жылы маусым айында "тым кедейлікте"- бір күнде $1.90-дан аз жарататын жағдайда өмір сүретін адамдардың шамалас есебін жүргізді. Ашық деректерге сәйкес, 2020 жылы "тым кедейлердің" саны 88 бен 115 миллион аралығында көбейеді деп болжамдалған. Осы жылы қаңтарда қайта жүргізген есебінде 2020-да кедейлер саны 119 бен 124 миллион аралығында артады деген жаңа мәлімдеме жасаған болатын. Аталмыш кедейлердің жартысынан көбі Оңтүстік Азияда өмір сүреді. Ал 2021 жылы жаһандық кедейліктің өсуі жалғасады деген жорамал жасап отыр.

Пандемия сонымен қатар әлемнің 20 елінде аштық қаупін күшейтті. Бұл ретте қақтығыстар мен климат мәселесі де басты себептерге жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлікпен айналысатын екі мекемесі өткен аптада Африканың көп бөлігі, Азиядағы Ауғанстан, Таяу Шығыстағы Сирия мен Ливан сынды елдер шұғыл түрде азық-түлік көмегіне мұқтаж екенін ескертті. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының жіктеуі бойынша, 34 миллион адам аштыққа тап болу қаупінде тұр. Оны шешу жолдарын Ұйым қарастыруда. Алайда қазіргі таңда жоғарыда аталған жаһандық әрі жергілікті мәселелер назардан тыс қалмауы керек екені сөзсіз.