шетелде оқу, Түркия, сұхбат,

Сұхбат: Түркияда оқудың қандай артықшылықтары бар?

Жыл өткен сайын қазақ жастары арасында шетелге барып, білім алып жүргендердің қатары көбеюде. Білімге құмар сондай жастардың бірі Мадина Нұржан өзге елде өмір сүру мен білім алудың ерекшелігімен бөлісті.

- Қайырлы күн, Мадина. Сіз қазіргі таңда Түркия мемлекетінде білім алып жатырсыз. Ең алдымен неліктен таңдауыңыз дәл осы мемлекетке түскені жайлы баяндап берсеңіз.

- Иә, Түркияда білім алып жатырмын. Неліктен Түркия? Біріншіден, Түркияның дипломы Еуропада бағаланады. Екіншіден, бұл жақта оқу ақысы салыстырмалы түрде арзан. Үшіншіден, мамандығым түрік тілі және әдебиеті болғандықтан таңдауым осы мемлекетке түсті.

- Қазір студенттерге арналған түрлі оқу бағдарламалары бар. Сіз қай бағдарлама арқылы оқуға түстіңіз?

- Мен ешқандай бағдарламамен келмедім. Бір жыл ақылы түрде Foundation оқыдым. Оны аяқтағаннан кейін емтихан тапсырып, университетке түстім.

- Түсінікті. Екі елде де білім алып көрген адам ретінде Түркияның білім беру жүйесінде Қазақстанмен салыстырғанда қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

- Қазақстанмен салыстырғанда ерекшеліктері менің Қазақстанда оқыған университеттерім көбірек қағаздарға мән беретін. Әр түрлі студенттің өзіндік жұмыс тапсырмалары көп болатын. Ал Түркияда олай емес. Мұнда нақты өзіне керек пәндерді оқисың. Артық пәндер болмайды.

- Шет елге барарда көбісі үшін қиын тудыратын мәселе – тіл білу мәселесі. Сіздің жағдайда қалай болды? Өзге мемлекетке бармас бұрын тілді толық меңгеріп алу міндетті ме?

- Жоқ, мен тілді мүлдем меңгермей келдім бұл жаққа. Түрік тілін үйрену маған оңайға түсті. Себебі, қазақ тілі мен түрік тілі ұқсас. Сол себепті түрік тілін оқу қиындық тудырған жоқ.

- Қазір елден жырақта басқа мемлекетте жүрсіз. Жеке басыңызда, көзқарасыңызда қандай да бір өзгерістер орын алды ма?

- Иә, көзқарастарым өзгерді. Өйткені уақыттың қадірін түсіне бастадым. Мүмкіндіктерді молынан пайдалануға тырысып жатырмын. Себебі мен бұл жақта екі жыл оқимын. Сол екі жылда мен бұл мемлекеттен алатын барлық тәжірибемді алып қалуым керек деген мақсат пайда болды.

- Шетелде оқып жатқан жастарға оқу мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік бар ма?

- Иә, бар. Ең бастысы уақыты сәйкес келсе, еш қиындық тудырмаса жұмысты қатар алып жүруге болады. Өйткені мен де солай істедім. Мен де жұмысқа тұра алдым.

- Шетелде білім алуды жоспарлап жүрген жастарға берер кеңесіңіз.

- Берер кеңесім – қорықпай, тәуекел етіп, шетелге оқуға түсіңіздер

- Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Оқуыңызды тәмамдап, аман-есен елге оралыңыз!

                                                            Сұхбаттасқан: Айым Еркінбекқызы