кітап, кітапхана, шымкент, кітап оқу, Аружан Самидин,

Шымкентте қандай кітаптар көбірек оқылып жатыр?

Қазіргі таңда кітапсүйер қауымның қатары қалың. Шаһар оқырмандары кітапханаларды аралап, білім қорын жетілдірсе, енді біреулері арнайы дүкендерге барып, түрлі бағыттағы кітаптарды сатып алып жатады. Шымкент қаласында көпшіліктің көңілінен шығып жүрген бірнеше кітап дүкендері бар. Оқырмандар арасында сұранысқа ие кітапты анықтау үшін дүкен қызметкерлерінен осы жайында сұрап көрдік.

“Қазына” кітап үйі-заманауи үлгіде жасақталған, тек қазақ тілінде кітап сататын жалғыз дүкен. Кітап үйі қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде орталыққа оқырмандар арнайы келіп, мотивациялық және әдеби бағыттағы шығармаларды көп сатып алатын көрінеді. Рейтингтің көш басында Қайрат Жолдыбайұлының “Кемел адам” кітабы тұр. Тұлғалық дамуға септігін тигізетін туынды шарықтаған бағасына қарамастан, қалың қауымның көңілінен шығып жүр. Ал, екінші орынды қазақ қаламгерлерінің шығармалары алады. Зейнеп Ахметова, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза сынды жазушылардың туындылары көпшіліктің арасында сұранысқа ие. Ал, тұтынушылардың 50%-ы психолог Динара Болаттың “Өмірге шексіз ғашық” кітабына қызығытын көрінеді.

“Книгомания” кітап дүкенінен осы күнге дейін 200 шақты оқырман Шынар Әділованың “Тайм менеджмент”, Аид әл-Қарнидің “Мұңайма”, Данияр Жігітбектің “Лайфхактар” туындыларын сатып алған. Кітап дүкені қызметкерінің айтуынша, оқырмандар психологиялық, мотивациялық және әдеби кітаптарға көп қызығатын көрінеді. Ал, “brand_books” кітап үйі оқырмандарының 70%-ы Луиза Хейдің “Өмірің өз қолыңда” туындысы мен “Әр күніңді әсемде”, “Адамзаттың асыл тәжі”, “Жүректің сырлары” атты діни шығармаларды, Дейл Карнегидің “Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері”, Джон Кехоның “Түйсігіңмен ойла”, Қайрат Жолдыбайұлының “Кемел адам”, Данияр Сүлейменовтың “Ең бақытты әйел”, Марзия Бекайдардың “Қисық қабырға”, Джордж Клейсонның “Вавилондағы ең бай адам” кітаптарын сатып алған.

Дүкен сатушылары қаламызда жан-жақты ойлайтын, кітапқа қызығушылығы жоғары оқырмандардың көбейіп келе жатқанын алға тартады.

Аружан Самидин