пәтер, жалға беру, жалдамалы пәтер, үй, субаренда,

«Субарендамен айналысып, айына 2 000 000 теңге табамын» - кәсіпкер

Бүгінгі таңда бизнесін ашып, табысқа кенеліп отырғандардың қатары қалың. Бірі-интернет арқылы клиенттерді қабылдап, ақы тауып жатса, енді бірі жеке істерін дөңгелетіп, бірқатар жетістікке жетіп отыр. Солардың бірі-Пакиза Бопинаева. Ол 6 баланың анасы болғанына қарамастан, өз кәсібін бастап, біршама табысқа кенелді. Ал, қазірде субарендалықпен айналысып, пәтерлерін жалға беріп, айына 2 000 000 теңге табуда. Кейіпкеріміз жалдамалы пәтер бизнесінің қыр-сырын айтып, табысқа жетудің жолдарымен бөлісті.

- Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

-Менің сауда саласында тәжірибем мол. Он шақты жыл бойы сауда-саттықпен айналыстым. Карантинге дейін базарда 5 жерден киім сататын дүкен ашқан болатынбыз. Бұл істе маған жолдасым мен жеке қызметкерлерім көмегін берді әрі жұмысымыз да қарқынды жүріп жатты. Ал, карантиндік шектеулер енгізілген соң, екі ай бойы үйде отырдық. Үшінші айда қайта жұмысымызды бастамақ болған сәтте, басшылық дүкендерімізді бұзып, бізге базардың шетінен орын бермек болды. Үш ай бойы сол шетірек орналасқан дүкендерде  жұмыс істеп келдік. Алайда, қалтамызға пайдаға қарағанда, шығын көп болды. Бірнеше уақыт өткен соң базардағы дүкендерді жолдасыма өткізіп, азық-түлік орталығын аштым. Бірақ, бұл жердегі табысымыз балалардың тамағынан артылмайтын. Ал, мен үшін мотвация- балаларым. Тағы бір кәсіп жайлы ойланып жүрген сәтімде таныс апайыммен жолығып, пәтер бизнесі жайлы талқыладық. Ол кісі де саудада біраз жыл жұмыс істеп, 800 000 теңгеге бір эксперттің жеке курсын сатып алып, пәтер бизнесімен қатар айналысып, қосымша ақы тауып жүрген болатын. Мені субаренданың қыр-сырымен таныстырған осы кісі. Бұл кәсіпке ерекше қызығушылығық танытып келдім. Алайда, әлгі апай маған тек кәсіпке қалай келу керектігін үйретіп, пәтер табу жағын өзіме қалдырды. Сосын «Крыша» «OLX» сайттарын қарап, үйдің иелеріне хабарласып көрдім. Олардың көбісі агенттер екен. Мән-жайды түсіндіріп, пәтер тауып берулерін өтіндім. Бірақ, бұл істің жауапкершілігі жоғары болғандықтан, көбісі басын алып қашты. Бірнеше ай өткен соң, Тәуке ханның бойынан бір пәтер тауып, айына 150 000 теңге төлеп тұруға келістім. Арада біраз уақыт өтпей-ақ, жолдасым хабарласып, Бәйдібек би көшесінің бойынан тиімді бағаға тағы бір пәтер тапқанын айтты. Артынша бір әйел қоңырау шалып, тұрғын үй кешеніндегі үйін айына 180 000 теңгеге беремін деді. Пәтерді алмас бұрын иелеріне субарендамен айналысатынымды айтамын. Кейбіреулері мұны естіп, үстінен ақша қосып беруімді сұрайды. Ал, біреуіне мүлік қауіпсіздігі үшін депозит ретінде 150 000 теңге төледім. Осылайша үш пәтерді жалға алып, субарендамен айналысуды бастап кеттім.

- Қалай пәтер санын көбейттіңіз?

Бір жылда пәтер санын 28-ге жеткізген болатынмын. Алайда, осы соңғы айдың ішінде сұраныс аз түскендіктен, үш пәтерімді өткізуге тура келді. Бастапқы үш пәтерді алған соң, барлық жағдаймен қамтамасыз еттім. Арнайы жатын бөлмесін даярлап, мүліктер мен техника сатып алдым. Әрине, бәрі бірден болып кете қойған жоқ. Тұрғын үй кешеніндегі жалдамалы пәтер жақсы өте бастады. Ал, екінші пәтеріме сұраныс орташа түсті. Уақыт өте келе, кейбір келеңсіздіктерге байланысты пәтерлерімді өткізуіме тура келді. Бірнеше айдан соң, 6 пәтерге жеткіздім. Қалтама біршама табыс түсіп, таныстар санын арттырып, клиенттерді көбейттім. Осы уақытқа дейін бас-аяғы 30 пәтерге жетіп, ішінен 25-ін іріктеп, бүгінде бизнесімді дөңгелетіп жатырмын. Күні кеше Арғынбеков көшесінің бойынан үлкен коттедж сатып алдық. Ішінде барлық жағдай қамтылған, бассейні де, саунасы да бар. Қазір Нұрсат пен Қонаев көшелерінде орналасқан пәтерлеріме сұраныс өте жоғары деңгейде. Әсіресе, клиенттер жақсы жағдаймен қамтылған, жөндеу жұмыстары жүргізілген тұрғын үй кешендерін таңдап жатады.

- Әр пәтерден күніне қанша теңге табудасыз? Пәтерді жалға беретін кезде қиындықтар туындаған жоқ па?

-Меніңше, қиындықтар кез-келген кәсіпте туындайды. Осы күнге дейін сенгіштігімді асыра пайдаланып, алдап кеткендер де болды. Сенімділік ретінде жеке куәліктерін тастап кетеді. Үйімде он шақты адамның құжаттары әлі де жатыр. Тіпті, кейбір клиенттер шу шығарады. Ондай сәтте жауапсыздық танытқан қызметкерлерді жұмыстан шығарамын. Ал, пәтерақыға келер болсақ, ол күн сайын қалтамызға түседі. Себебі, біз пәтерлерді айына емес, күндігіне береміз. Еліміздің әр жерінен клиенттер келіп, бірі 3 күнге, енді бірі 10 шақты күнге жалдап жатады. Әр пәтердің бағасы әр түрлі. Мәселен, тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерлерді күніне 18 000-20 000-ға жалдап тұрады. Ал, қаланың орталығындағы ескі үйлердің бағасы төмендеу. Керек-жарақтың бәрі болғанымен, жаңа пәтерлермен салыстырғанда сапасы басқаша. Мұндай үйлерді күніне 8 000 немесе 10 000 теңгеге жалдайды. Әр клиент келген сайын, пәтерге тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Қосымша керекті дүниелерді сатып алуға да жүз мыңға жуық ақша кетеді. Ал, күніне телефоныма 30-40 шақты қоңырау келіп түседі. Айына 2000000-нан артық пайда табамыз. Оның ішіне жұмысшылардың айлықтары, клиенттердің керек-жарақтарының ақшасы, үй иесіне берілетін ақы да қосылады. Бұл бизнес таразы басын тең ұстайды. Сонымен қатар, пәтерді жалға бермес бұрын, клиент жайлы толық ақпарат біліп аламыз. Себебі, біз үшін тазалық пен қауіпсіздік бірінші орында.

-Шаһарымыздағы пәтерге деген сұраныс қай деңгейде деп ойлайсыз? Клиенттерді қалай табасыз?

-Еліміздің ірі қалаларында пәтерге деген сұраныс ерекше. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент шаһарларында пәтерақының шарықтап тұруының басты себебі осы. Мәселен, бір Алматы қаласының өзінде «Крыша» сайтында 10000-ға жуық хабарлама болса, бұл көрсеткіш Нұр-Сұлтанда 6000-ды, Шымкентте 2000-ды құрайды. Бізге клиенттер «Крыша» және «OLX» сайттарында орналасқан хабарламаларды көріп, хабарласып жатады. Ал, кейбіреулері жұмыс сапасы ұнағандықтан болар, Шымкентке қайта келсе, біздің пәтерлерімізді таңдайды. Бүгінде Airbnb сынды сайттарға қызығушылық танытудамыз. Алдағы уақытта сол арқылы хабарламалар бермекпіз.

-25 пәтерді игеру оңай шаруа еместігі белгілі. Қосымша көмек беретін қызметкерлеріңіз бар ма? Олардың айлық табысы қандай?

-Осы күнге дейін барлық шаруаны өзіме жүктеп, осы саламен айналысып келдім. Ал, қазір кішігірім жұмыс орнын ашып, үй тазалаушылары мен жеке менеджерлерді жұмысқа алдым. Тазалықшыларға 150 000-200 000 теңге көлемінде айлық ұсынсам, менеджерлер 300 000-ға дейінгі көлемде ақша алады. Тек олардың істеп жатқан жұмыстарының темпіне қарай айлық төлеймін. Егер жақсы нәтижеге қол жеткізсе, қосымша бонустар мен сыйақылар қарастырылады. Жалпы, пәтер бизнесімен қатар қосымша кәсіппен айналысуға болады. Қызметкерлерді көбірек жұмысқа алсақ, кәсіпті дөңгелету қиын емес. Алайда, бүгінде мен үй шаруаларын жасап, бала тәрбиесін көбірек қолға алудамын.

-Пәтер бизнесін бастаушыларға қандай кеңес бересіз?

-Егер адам шын ниетімен қаласа, алынбайтын қамал жоқ. Әрине, бұл жұмыс үлкен жауапкершілік пен жақсы қарым-қатынасты талап етеді. Өзіндік қиындықтары да бар. Табысы да аз емес. Осы бизнесімді көріп, жақын туыстарым да субарендалықпен айналысуды бастап кетті. Қызығушылық танытар болсаңыз, уақыт созбай, әрекет ету керек. Келеңсіздіктер кездесе қалған жағдайда да тоқтамау қажет. Нәтижесінде қалағаныңызға жетесіз.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Аружан Самиден