жемқорлық, қазақстан, Жақсылық Досқалиев, Муслим Умирьяев, Бағдат Майкеев, Серік Ахметов, Талғат Ермегияев, Астана LRT, Жомарт Ертаев,

Жемқорлықтың құны

(Әнуар Құрманғазы, Нұр-Сұлтан – h-news.kz) Еліміз егемендік алғаннан бері күн тәртібіндегі жаңалық, мәселе не олқылықтың бірі осы – жемқорлық болар. Тіпті, бюджет есебінен бөлінген қаражаттың діттеген жерге жетпеуі қалыптыға айналғандай. Солардың ішінен сайдың тасындай іріктеліп, жағаға шыққан шенділердің ең, ең деген жымқырған қомақты соммаларын жіпке тізбекпіз.

Жақсылық Досқалиевтің ісі

Қаржы полициясы Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысына қарсы қылмыстық істі 2010 жылдың қыркүйегінде қозғаған. Тергеу мәліметтері бойынша, бұрын елордадағы медициналық академияның ректоры қызметін атқарған Досқалиев білім беру мекемесін басқара отырып, өзінің меншігіндегі жер учаскелерінде «Астана КПД» ЖШС-мен тұрғын үй құрылысына келісімшарт жасасу арқылы өзінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған.

Сондай-ақ, қаржы полициясы Досқалиевті алғашқы жауап алудан кейін ауруханаға жеткізілген кезде, жазадан құтылу үшін ауруын симуляциялады деп айыптады.

Қаржы полициясының мәлімдемесінен кейін Досқалиев адвокаттарының күдіктінің денсаулығы нашар екендігі туралы мәлімдемелеріне қарамастан, Досқалиевті бірнеше рет ұзартуға қамауға алуға санкция берді.

Пара мөлшері: 65,1 млн тг

Муслим Умирьяевтің ісі

Умирьяевті 2013 жылдың 21 желтоқсанында қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері өз пәтерінде пара алғаннан кейін ұстады. 24 желтоқсанда Астана қаласы Алматы ауданының №2 соты вице-министрді қамауға алуға санкция берді. Умиряев өз пәтерінде 100 мың доллар және шамамен 7 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған. Тергеу мәліметтері бойынша, бұл ақша шенеунікке мемлекеттік сатып алу конкурстарында көмекке арналған.

Шенеунікке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу 2014 жылдың мамырында аяқталды.

40 жастағы М.Умиряев 2011 жылдың қыркүйегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. Осы жылдары ол «Ресейлік шаруа қожалықтары» халықаралық қорының бас директоры, Алматы қаласындағы «Оңтүстік орталығы» ЖШС-нің қаржы директоры, «Президент пен үкімет әкімшілігінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып жұмыс істеді.

Пара мөлшері: 100 мың доллар және 6,9 млн тг

Бағдат Майкеевтің ісі

61 жастағы Б.Майкеевті 2014 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы(Нұр-Сұлтан) ҰҚК қызметкерлері жалпы сомасы 252 миллион 355 мың теңге және 147 мың доллар пара алып жатқан жерінен ұстаған.        

10 ақпанда ҰҚК тергеу басқармасы ұсталған адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 311-бабы, 5-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол ҰҚК-нің абақтысына қамалды және қамауға алынды.

Маусым айының соңында Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының үкімімен Б.Майкеев пара алғаны және заңсыз қару сақтағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, қатаң режимдегі колонияда 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сонымен қатар Б.Майкеевті мемлекеттік наградалардан және генерал-майор шенінен айыру туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, Б.Майкеевке 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Сотталушыдан ондаған пәтер, жер учаскелері, автокөліктер мен миллиондаған теңгенің шоттары тәркіленді.

Пара мөлшері: 252 млн 355 мың тг және 147 мың доллар

Серік Ахметовтің ісі

Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметов 2015 жылдың желтоқсанында «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу», «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» және «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» баптары бойынша жалпы режимдегі колонияға он жылға сотталды.

2016 жылы наурызда апелляциялық шағымды қарап, сот жазасын жалпы режимдегі колонияда сегіз жылға дейін қысқартты. Серік Ахметов мемлекетке келтірілген шығынды (2,5 млрд)  толығымен қайтарған. 2017 жылдың қаңтарында Серік Ахметов қылмыстық-атқару жүйесіне бас бостандығынан айыру орындарынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жарияланған рақымшылық бойынша жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімін қысқарту туралы петиция жіберді. 2017 жылдың 21 қыркүйегінде бас бостандығынан айыруды шектеу түрімен ауыстыруға байланысты Серік Ахметов босатылды.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі: 2,2 млрд теңге

Талғат Ермегияевтің ісі

2016 жылғы маусымда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев сыбайлас жемқорлық және аса ірі көлемде қаражат жымқырғаны үшін 14 жылға сотталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары темір тордың арғы жағындағы сотталушының ерекше шарттары болғанын жазды: жеке аспаз, деликатес пен алкоголь, ұялы телефон мен интернет, жоғары лауазымды шенеуніктермен кездесу.

2019 жылы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі «QazExpoCongress» болып өзгертіліп, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне берілді.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі: 8,06 млрд теңге

Астана LRT

«Астана LRT» ісі бойынша сот ісі Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың 29 қазанында басталды. 5,8 миллиард теңгені (13 миллион доллардан астам) жымқырды деп айыпталған айыпталушылар тізімінде жеті адам болған. Іс бойынша тағы екі айыпталушы, олар – елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан - халықаралық іздеуде.

Кейбір мәліметтер бойынша, соңғы алты жылда LRT жобасын іске асыруға бюджеттен 156 миллиардтан астам теңге бөлінген.

Жобаның қатаң сындарға ұшырағандығына қарамастан, Нұр-Сұлтан әкімдігі құрылысты аяқтауды жоспарлап отырғанын бірнеше рет мәлімдеді. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бүгінде олар жобаны жүзеге асыруға инвестор іздеуде.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі: 5,8 млрд теңге

Бонуc: Жомарт Ертаевтің ісі

Жомарт Ертаевқа Bank RBK-ға тиесілі 143,3 миллиард теңгені (қазіргі бағам бойынша 338 миллион доллар) ірі көлемде жымқырды деп айыпталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, банкир бұл соманы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып 2011 - 2017 жылдар аралығында ұрлап үлгерген.

Банкте жұмыс істеген жылдары Жомарт Ертаев және оның сыбайластары несие беру мен алудың алаяқтық схемасын ұйымдастырды - олар жалған қарыз алушыларға жоқ кепілге несие берді деп күдіктелуде.

Кейінірек, Алматы қалалық соты Bank RBK-дағы жымқыру ісіне қатысқан адамдар шамамен 54,3 миллиард теңгені өтегенін хабарлады.

13 сотталушы келтірілген шығынды толығымен өтегені атап өтілді.

Жалпы алғанда, Bank RBK-ға 143,3 млрд теңге көлемінде шығын келтірілді. 36 сотталушының көпшілігі ақша жымқырды және қасақана қайтарымсыз несие берді деп айыпталған болатын.