қаңғыбас ит, ит ату, митинг, атырау,

Атырауда тұрғындар қаңғыбас иттерге қарсы митингке шықты

Қалада 60-қа жуық әйел адам Ретро саябаққа жиналып қаңғыбас иттердің көшеде емін еркін жүруіне қарсылық білдіріп, иттердің атылуын талап етуде.

Жануарлардың құқығын қорғаушылар 2021 жылы иттерді өлтірмей, оларды арнайы қамақтарда ұстауды талап еткен еді. Сол себепті, ату шараларын уақытша тоқтатып, қала тұрғындарының нақты арыз-шағымдары бойынша жануарды алып кетуге шешім қабылдаған болатын.

Алайда енді "Аналарға көмек" қоғамдық қоры аналармен бірлесіп, иттерді ату шараларын қайта жандандыруды талап етіп отыр. Қатысушылардың кейбірінің айтуынша, олардың балалары иттерден зардап шеккен. 

Сондай-ақ №21 мектептің жанында осы мектептің оқушысын да ит қауып алған. Дәрігерлер тексеруінен өтіп, құтыруға қарсы укол салған соң бала үйіне жіберілген.

"Төрт күн бұрын болды бұл оқиға. Мен жақын жерде тұрамын. Ұлым жарақат алған баламен бір сыныпта оқиды. Мектепте үнемі бес-алты ит жүреді. Балам үшін қорқамын, сондықтан ату шарасын қайтаруды талап етемін. Иттер көбейіп кетті",  – дейді Зухра Ілиясова.

Былтыр Атырау облысында қаңғыбас итерді өлтіруге 47 миллион теңге бөлінсе, оның 25 миллионы облыс орталығына тиген. Қазіргі уақытта бұл жұмыс жүргізілмейді. 2020 жылға дейін қаңғыбас иттерді ату ісімен жеке кәсіпкерлер айналысып келсе, енді бұл функция қалалық ветеринарлық стансаға өткеннен кейін жануарларды қорғаушылар да бұл жұмысқа араласа бастаған.


Discuss