Назарбаев зияткерлік мектебі, оқу, мектеп, алматы, грант,

“Әділдік жоқ”: Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дау шықты

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілді 7 сыныбына емтихан тапсырған оқушылардың ата-аналары дау шығарды. Олардың айтуларынша, қазақ және орыс сыныптарына грант саны жүз-жүзден бөлінген. Алайда, қазақ сыныбына 1483 бала үміткер болса, орыс тілінде тест тапсырушылардың саны-695 оқушы. Сәйкесінше, қазақ тобында 1 грантқа 15 оқушы таласады, ал орыс сыныбындағы оқу гранты үшін – 7 бала үміткер. Бұл жағдайды әділетсіздік деп бағалаған ата-аналар қазақ тобына қосымша грант бөлінгенін талап етіп отыр.

Ресми деректерге сәйкес, биыл Химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің 7-сыныбына оқушылар қабылдауға 200 грант бөлінген. Бірақ, оқушылардың ата-анасы ұл-қыздары жоғары ұпай иеленсе де, жүздікке кірмеді деп отыр. Тест тапсыруға қазақ тобынан 1500-ге жуық оқушы, орыс тілінде 700 шақты оқушы келген.

“Балаларымызды түрлі қосымша сабақтарға қатыстырып, үздік мектепке білім алуға жетелеген кезде, әділетсіздіктің құрбаны болдық. Білім министрлігіне, Асхат мырзаға жеткізгіміз келеді. Жүз баланы артық алуға мемлекеттің қауқары жетпей ме? Жетеді! Болмайтын нәрсеге ақша шашып жатырмыз ғой, болашағымы - өсіп келе жатқан балаларға, келешектегі ұрпағымызға шашуымыз керек ақшаны”,-деді қазақ тобындағы оқушының ата-анасы.

“140-орында тұрған қазақ тобының оқушысының балы 100-орында тұрған орыс тобындағы оқушының балымен бірдей. Яғни 40 оқушының өміріне қиянат жасап жатырмыз. Оқушылардың грантқа түсе алмауының себебі, олар қазақ тобында оқығаны үшін ғана, егер ол орыс тобына тапсырса, түсіп кетер еді”, – дейді қоғам белсендісі Дархан Ардақұлы.

Мамандардың айтуынша, гранттардың санын республикалық комиссия тағайындайды.

“Бұл емтиханда математика мен сандық сипаттама пәндері бойынша бізде шектік балл бар. Қазақ тобына 1483 бала тапсырса, шектік баллды алғанының саны 638 ғана, ал орыс тобына 698 бала тапсырса, 421-і шектік баллды алған. Сонда комиссияның қарауына өткен балалардың саны шамалас деп айтуға болады”, – дейді  НЗМ ДББҰ білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитациялау департаментінің аға менеджері Жанар Жаманқұлова.

Мекеме менеджерінің жауабына сәйкес, грантқа ілікпеген оқушылар бір оқу жылы бойы резервтік тізімде болады. Түрлі себептермен грант босаған жағдайда тізім бойынша тұрған оқушыларға кезекпен грант беру комиссияның қарауына жіберілмек.

сурет: halyq-uni.kz


Discuss