ресей, санкция, ақш, экономика,

Санкциялар: Ресей экономикасын қандай қиындықтар күтіп тұр?

Наурыз айында Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Баррель Ресейге қарсы санкциялардың тез арада әсер етпейтінін, бірнеше уақыт өткен соң ел экономикасына айтарлықтай салмақ түсетінін айтқан болатын. Алайда, санкциялар қазірдің өзінде Ресей тұрғындары мен экономикасына үлкен зардабын тигізіп, теріс әсер ете бастады. Әсіресе, әлемдегі брендтік компаниялардың Ресейдегі жұмысының тоқтауы көпшіліктің наразылығын тудырды.

Экономикалық соққы Ресейдегі қор нарығын уақытша жабуға мәжбүр етіп, нәтижесінде рубль бағамы түсіп кетті. Осыған дейін Ұлыбритания, АҚШ, Канада жетекшілері Ресейдің бірқатар банктерін SWIFT жүйесінен ажыратып, Альфа-Банк, ВЭБ, ВТБ, "Промсвязьбанк, "Открытия", "Россия", "Россельхозбанк", МКБ, "Совкомбанкке" санкция салды. Тіпті, кейбір өнім өндіретін компаниялар мен кәсіпкерлердің жұмысы жүрмей, үлкен шығынға ұшырады.

BBC-дің жазуынша, жақында Ресейдің орталық банкі 13000-нан астам кәсіпорынға арнайы сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің автомобиль бөлшектері, микрочиптер сынды техникалық тауарларды елге жеткізуде қиындықтарға тап болғаны анықталған. Шикізаттың және компоненттердің жетіспеушілігі кейбір зауыттарды уақытша жабуға мәжбүр еткен. Мысалы, жапондық Тайота автомобиль өндірушілері Ресейге көлік тасымалдауды тоқтатты.

Сәуір айында Мәскеу мэрі Сергей Собянин Мәскеудегі 200000-ға жуық жұмыс орнына қауіп төніп тұрғанын ескертсе, экономистер 2024 жылға қарай Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі 7%-ға артатынын айтты.

Әлемдік Levi`s және McDonald`s сияқты батыс брендтері елдегі қызметінің тоқтауына қарамастан, ресейлік қызметкерлерге айлық төлеуді жалғастыруда. Екі ел арасындағы қақтығыс басталмас бұрын, Ресейде күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері жетіспеген болатын. Ал, қазіргі таңда дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардың бағасы шарықтап тұр. Сарапшылардың айтуынша, осы жылы Ресейдегі инфляция деңгейі 20 %-ға жетуі мүмкін екенін алға тартады.

Айта кетерлігі, Ресей Федерациясындағы энергия құны едәуір жоғары. Мемлекет экспорт арқылы экономикасын тепе-теңдікте ұстап тұр. АҚШ ресейлік энергияны импорттауға тыйым салғанын жариялағанмен, бұл жағдай Еуропаның кейбір мемлекеттерін алаңдатып отыр. Себебі, Еуропа табиғи газдың 40%-ын Ресейден алады. Елдің Орталық Банкінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың алғашқы үш айында ел 58,2 миллиард тауарларды экспортқа шығарған. 

Елдегі орын алып жатқан ахуалдарды ескере келе, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин тұрғындардың зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері инфляцияға сәйкес өсетінін мәлімдеді.


Discuss