әлеуметтік қызметкер, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, жалақы,

2020 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өседі

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруханада, жартылай госпитальда, үйде күтім жасайтын және уақытша тұру жағдайында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлері үшін психоэмоционалдық және физикалық белсенділігі үшін қосымша ақы енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Дегенімен қосымша жалақы қызметкерлердің жұмысының күделілігі мен қарқындылығына байланысты болады.

Мәселен, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (паллиативтік көмек бөлімшелерін (палаталарын) қоспағанда): басқару персоналына – лауазымдық жалақыдан (бұдан әрі - ЛЖ) 30%; Негізгі персонал қызметкерлеріне (әлеуметтік қызметкерді қоспағанда) – ЛЖ-дан 35%; әлеуметтік қызметкерлерге, санитарларға – ЛЖ-дан 40%.

Сондай-ақ, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің паллиативтік көмек бөлімшелерінде (палаталарында): барлық мамандықтағы тәрбиешілерге, медбикелерге, санитарларға – ЛЖ-дан 60%.

Үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының қызметкерлеріне: басқарушы персоналға –ЛЖ-дан 15%; негізгі персонал қызметкерлеріне (әлеуметтік қызметкерді қоспағанда) – ЛЖ-дан 20%; әлеуметтік қызметкерлерге – ЛЖ-дан 35%; санитарларға – ЛЖ-дан 20%, делінген хабарламада.

Айта кетейік, аталған қызметкерлердің жалақыларын көбейту үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 8,4 млрд.теңге қарастырылып отыр.


Талқылау