қаржы пирамидасы, алаяқтық, акция, инвестиция,

Ақша инвестициялауды ұсынған қаржы пирамидасының алаяқтары ұсталды

Бұл туралы ҚР ҚМА баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алаяқтар қаржы пирамидасына негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Орал қалаларының тұрғындарын тартқан. Олар өздерін «Unique finance» шетелдік компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, «Pepsi», «Nike», «Microsoft», «Ford», «BMW» секілді халықаралық компанияларға ақша инвестициялауға шақырған.

Ол үшін азаматтардан 1000 АҚШ долларын алып отырған. Ал салынған қаржының 6%-ы, жаңа серіктестің салым сомасының 5%-ы мөлшерінде ай сайынғы кіріс уәде етілген. Алайда оның орнына өтірік акциялар берілген.

Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларындағы азаматтардан алаяқтық схемамен ақша ұрлаған қаржы пирамидасын анықтады. Ұйымдастырушылар 3 және 3,5 жылға сотталды.

«Бүгінгі таңда нарықта азаматтарды өз жобаларына ақша салуға шақыратын криптовалюта, шетелдік компаниялардың акциялары, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, басқа тауарлар мен қызметтерді сататын компаниялар көбейіп кетті. Сонымен қатар, ақша табудың мұндай тез және оңай тәсілі үлкен қаржылық шығындарға әкеп соқтыруы мүмкін»,-деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.

Қаржылық пирамидалар туралы не білу керек?

Ұйымның шамадан тыс жоғары кірісіне кепілдік беріледі.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының болмауы.

Меншікті қаражаттың болмауы, төлем жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізіледі.

Салынған қаражатты қайтарудың нақты ережелерінің болмауы.

Қызметінің айқын болмауы.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы шулы ұрандары бар кең жарнамалық кампания.


Талқылау