Жанат Бақыт, ислам, дін, руханият, Нұрлан имам, ҚМДБ,

Алла сөзін айтуға тыйым саламын: Халық адасты ма, Жанат адасты ма?

«Алла кетті, Жаратушы келді». Бұл қоғам арасында соңғы уақытта қатты талқыға түскен тақырыптардың біріне айналып отыр. Белгілі жүргізуші, кәсіпкер Жанат Бақыттың инстаграм желісіндегі соңғы уақытта жарияланған жазбаларына байланысты халық арасында дау туындаған.

«Жаратушы бәріңді жақсы көремін, махаббатпен жараттым, енді бәрі теңеседі. Мені мешіттен, шіркеуден, қағбадан іздемеңдер. Жүректеріңнен іздеңде… Молдасыз, имамсыз ортадағы «Жол көрсетушісіз» Жаратушымен тіке сөйлесіңдер, ол сендерге ұзын жол салып берді. Алланы ренжіттіңдер, Пайғамбарды қинадыңдар, Исаны шегеледіңдер. Олар арқылы жақындайды ма десем керісінше Жаратушыдан алыстадыңдар. Жүректеріне Жаратушысын сыйғызбағандарды Жаратушы жерге сыйғызбайды», дейді Жанат Бақыт.

Жанат Бақыттың айтуынша ескіге жабысудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта дін-шырмауық, діннің миссиясы аяқталды деген пайымға келіп отыр.

Жанаттың жазбаларына байланысты ҚМДБ сонымен қатар әлеуметтік желіде үлкен танымалдыққа ие болған Нұрлан ұстаз да өз пікірлерін білдірген болатын.

«Жәннаттың есіктері жабылмасын десеңіз, Жанаттың парақшасының есігін жабыңыз. Бір адам жаман нәрсе айтса оның артынан ермеңіз, керісінше ол жаман нәрсенің кеңінен таралуына кедергі келтіріңіз деген», деді Нұрлан имам.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар халық арасында дау тудырып отырған бұл мәселеге байланысты пікір білдіруге мәжбүр болдым дейді. Оның айтуынша Алланың атынан жалған сөйлеу ауыр күнә. «Алла тағала қасиетті Құранның Ән'ам сүресінің 144-аятында «Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма?», деп баяндаған. Құдай атынан жалған сөйлеуден ауыр іс жоқ. Әсіресе Рамазан айында осындай келеңсіз сөзді айту мен үшін де ауыр», деді ҚМБД төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар.

Сонымен қатар, бұл тақырыпқа байланысты белгілі дінтанушы, «Кемел Адам» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы да өз пікірімен бөліскен болатын. Оның айтуынша Жанат Бақытпен осыған дейін хабарласып бұл мәселе төңірегінде исламтанушылармен сөйлесіп талқылауды ұсынған. Алайда бұл сауалға Жанат Бақыт қарсылық танытып, талқылаудан бас тартқан. Қайрат Жолдыбайұлы бұл мәселені реинкарнация сенімі деп атайды. Бұл сенім көп жағдайда будда дінінде кездеседі. Онда адам кемелдену процессін аяқтамай өмірден кетсе өмірге бірнеше рет келе береді. Ол тіпті басқа адам кейде жануар бейнесінде де өмірге қайта келуі мүмкін.

Алайда бұл философияға байланысты: Жер бетіне адамдар қайта-қайта келіп өмір сүретін болса, бұл өмірде адамдар саны азая берер еді. Бірақ өткен өміріндегі жасаған қателіктерін білмейтін рух екінші рет өмірге келген кезде қалай ескі қателіктерімен күреседі? Жер бетінде бұрында жақсы жаман адамдар болған, әлі де бола бермек. Егер рухтардың бәрі кемелденіп өмірден кететін болса жер бетіне келетін адамдардың саны азаятын еді, алайда біз ондай көріністі байқаған жоқпыз. 

Бұрын ренжіскен адамдар қайта тоғысады деген логика мүлдем қате екенін айтуда. Адам мына өмірге тап-таза сәби болып келеді. Егер адам өмірге екінші келеді деген логика рас болса ата-ана мен бала арасында махаббат болмас еді. Ата-ана керісінше өз баласына деген сенімсіздікпен, суық қарым-қатынаста өмір сүрер еді.

Жалпы қазіргі уақытта бұл тақырыпқа байланысты халықтың ойы екіге бөлініп кетті. Бірі Жанат Бақытты есінен адасқан емшіге көрсету керек, халықты адастырып жатыр десе, енді бірі оның айтқан әрбір сөздеріне сенуде. Дегенмен қазіргі уақытта әлеуметтік желіде 2,5 млн оқырманы бар Жанат Бақытқа сенушілер саны көбеймесе азаяр емес. Кейбір оқырмандар тіпті Алаш туы бейнеленген алқа сатып алып, дүкендерде болмаған жағдайда тапсырыс беріп жасатуды бастап кеткен. Жанат Бақыт қалың оқырманның сеніміне Алаш идеологиясы арқылы кіріп, халықты діннен бас тартуға шақыруда.

Гүлім Муратали


Талқылау