
Редакция
Алматы облысының 1200 тұрғыны қаржылық сауатын ашты
«Қарызсыз қоғам», Алматы облысында осындай атаумен Amanat партиясы бастаған қаржылық сауаттылық сабақтары жалғасуда. Алғашқы айда Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Талғар аудандарында 1200 адам білім алып үлгерді.
«Тұрғындарға сабағымыз ұнап жатыр, өте пайдалы жоба екенін айтуда. Ең бастысы, ауыл тұрғындары қаражатын үнемдеп ұстауды, тиімді жұмсауды үйреніп жатыр. Бұл жоба Amanat партиясы мен Halyk bank-тің бірлескен бастамасы болғандықтан, банк өкілдері де ауылдарды аралап, депозит ашу жолдарын үйретіп жүр», - дейді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Зәмзәгүл Сламбекова.
Оның айтуынша, қаржылық сауат курсына көбінесе жұмысшылар, бюджеттік сала мамандары келеді. Әсіресе Қарасай ауданында бизнес ашқысы келетін қатысушылар көп, олар бизнес жоспар құруды, мемлекеттік гранттар мен банктің тиімді құралдарын үйреніп жатыр.
«Бір байқағаным – ауылдық жерде қаржы пирамидасына алданған, несие төлей алмай, банкротқа ұшырағандар жоқтың қасы. Мысалы 50 адам сабаққа қатысса, біреуі ғана қаржы пирамидасына алданған, онда да жоғалтқан сома айтарлықтай үлкен емес. Ең бастысы ауыл тұрғындары ақшаны тиімді ұстауды, табысын көбейтуді үйренгісі келеді. Ол үшін бес күн сабағымызда түрлі жаттығулар жасаймыз, үй тапсырмаларын береміз, жаңа пайдалы мәліметтерді айтамыз», - дейді ментор.
Сабақ барысында сарапшылар кіріс-шығысты есептеуді, қаржылық жоспарлауды, қаржылық мақсат қоюды үйретеді.
«Қатысушылардан «Неге депозит ашпайсыздар?» деп сұрасақ, қолымызда ақша қалмайды деген жауап естиміз. Сонда бір адам ай сайын 82 мың теңге жалақы алып, оның 43 мың теңгесін темекіге жұмсап келген екен. Яғни, ол бір күнде үш қорап темекі алады. Осының бәрін қағазға жазып көрсеткенде қатты таң қалды. Енді жоспар құрып, темекіні бірден тастамай, күніне бір қораптан алса да, шылымға кеткен шығын екі есе азаяды. Артылған ақшаны депозитке жинаса, тіпті 3-5 мың теңгеден салса да, бір жылда қомақты қаражат жинай алады», - деп түсіндірді З. Сламбекова.
Оның айтуынша, әдетте несие төлемін кешіктірген адамдар банктен қашады, телефонын көтермейді немесе нөмірін ауыстырып тастайды. Банкке барып, өз жағдайын айтуға қорқады. Бұл жағдайда мамандар банкпен диалогқа шығуға кеңес береді. Өйткені несие тарихын бұзған адамдар мемлекеттік бағдарламаларға, жеңілдігі бар несиелерге қатыса алмайды.
«Мәселен, банктегі несиесін 11 ай бойы төлемеген қатысушыға көмектестік. Оның барлық есепшоттары бұғатталған, несие тарихы бұзылған. Заңгерлер несиені қайта құрылымдап, ыңғайлы график жасап алуға, осылайша аз-аздан төлеуге кеңес берді, қазір бұл шәкіртіміз керекті құжаттарды жинап жүр. «Өзін-өзі банкрот деп жариялау туралы» заң жобасы шыққаны белгілі. Бұл көп адам ойлағандай оңай процедура емес. Онда несие төлемін бір жылдан астам уақытқа кешіктірген адамдардың өтінімі қабылданады. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан қаржылық беделге нұқсан келтірмеуді, әр теңгені байыппен, ұқыппен жұмсауды үйрену артық етпейді», - деді Зәмзәгүл Сламбекова.