криптовалюта, биткоин, майнинг, электр энергия, Қазақстан,

Қазақстан криптоиндустрияны дамыту арқылы жылына 72 млрд АҚШ доллар пайда таба алады

Бұл туралы finreview.info сайты хабарлады және Қазақстандағы криптовалюта жайлы ақпаратпен бөлісті.

Қазақстанда соңғы жылдары криптовалюта, биткоин секілді терминдер жиі айтыла бастады. Аталған салада да бірқатар мамандар пайда болып, тіпті, пайдасын көріп келе жатқандар да бар. 2021 жылғы дерекке сәйкес Қазақстан әлем бойынша биткоин хешрейті (өнімнің қуаттылығын анықтайтын бірлік) бойынша екінші орында тұр. Көш басында АҚШ. Ал Ресей үшінші орында. Finreview Қазақстандағы мұндай электронды валютаның күрт өсуі бірнеше себептермен байланыстырыпты. Біріншіден, Қазақстанда қуат көздері құнының төмендігінде. 1 кВт орташа есеппен 18 теңгені құрайды. Долларға шаққанда 0,037. Ал бұл ТМД және Европа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Екіншіден, Қытаймен көрші болғанымызда. ҚХР крипто өндіріске қатысты саясатын қатаңдатқан соң, ол жақтағы майнерлер елден кетті немесе құрылғыларын сата бастады. Ал Қазақстан өз кезегінде құрал-жабдықтардың нарығы ғана емес, қытайлық майнерлердің жаңа жұмыс орнына айналды.

Криптовалюта майнингі жыл сайын Қазақстанға шамамен 230 млн АҚШ долларға дейін табыс алып келеді. Бұл тек ресми тіркеліп қызмет ететін компаниялар ғана.

Дегенмен, майнинг артқан сайын электроэнергия тұтыну бірден артып кетті. Мәселен, әдеттегі 2 пайыздық көрсеткіш 2021 жылдың соңына қарай бірден 8 пайызға дейін өсті. Кейбір крипто өндірушілер ресми көрсеткіштерде көрсетілгеннен екі есе көп электр энергиясын тұтынуы мүмкін. Электр қуатын осындай бейресми компаниялардың шамадан тыс қолдануынан жарықтар жиі сөне бастады. Мамандар жасырын майнингпен айналысатындардың қызметін анықтап, тоқтатпаса елде энергия қуатының тапшылығы пайда болуы мүмкін екенін ескертуде.


Талқылау