ғылым, саясат, зерттеу,

Қазақстанда қанша ғалым бар және олардың саясатқа қатысы бар ма?

ЮНЕСКО Статистика институтының (UIS) деректеріне сүйенсек Қазақстандағы әрбір миллион адамның 790-ы ғалым деген атаққа ие. Егер бұл санды 2020 жылдың 27 қаңтарында алынған статистикамен есептер болсақ, біздің елімізде 24 мыңға жуық ғалым бар деген сөз.

Басқа елдермен салыстыра кетсек, Израиль елі бұл тізімде көш бастайды. Себебі оларға әр миллион тұрғынға 8250 ғалымнан келеді екен. Дегенмен бұл көрсеткіш еврей халқының ғалымдар саны біздікінен көп дегенді білдірмейді. Халық саны жағынан біз алда тұрамыз. Ал қазақстандық ғалымдар арасындағы гендерлік үлес ерекше назар аудартады. Корея, Жапония, Сингапур секілді елдерде ер адамдар үлесі әйел адамдарға қарағанда бірнеше есе көп. Ал біздегі айырмашылық 4%-ды құрайды. Қаржы мәселесіне келер болсақ, Қазақстан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жалпы ішкі өнімнің 0,2%-ын жұмсайды.

Кез-келген елде саясат жайлы әңгіме әртүрлі көзқарастағы адамдар арасында конфликт тудыруға таптырмас тақырыптардың бірі. Дәл осы себепті де адамдар кештер мен кездесулерде бұл тақырыпқа кірмеуге тырысады. Оған қоса қазіргі таңда көпшілікті саяси жаңалықтарға қарағанда шоу бизнес өкілдері мен танымал тұлғалардың өмірі қызықтырады. Дегенмен, адам өзінің өмір сүру салтына тікелей ықпал ететін саяси реформалар мен өзгерістер жайлы білмесе, соңы жақсы бітпеуі мүмкін. Ал  қазір ғылым мен саясаттың өзара қалай байланысатынын және неге екеуін бөліп жаруға болмайтынын анықтап көрейік.

Ғылым – болып жатқан оқиғалар мен құбылыстардың себебі мен салдарын обьективті түрде ашып көрсетудің жолы. Ғылымның арқасында қазірде ғарышқа ракета ұшырып, ауруларға ем тауып, әлемнің әр бұрышынан бір-бірімізбен хат алмасудамыз. Өзінің электроника мен робототехникасымен танымал болған Жапония әлемде жалпы ішкі өнім бойынша 4 орында тұр. Ғылыми әдіс – жоғарыдағылардың айтқанымен жүрмейтін, ешкімнің ығына жығылмайтын обьективтіліктің алтын ортасы. Ал ғылыми зерттеулер тек қоғамның рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы керек. Демек, ғылым – қоғаммен басқарылатын саяси институт. Бірақ, ғалымдар кеңесінің саясатқа араласып жатқанын көруіміз өте сирек.

Ғылыммен кім айналысуы керек екенін көп жағдайда қоғамның өзі шешеді. Тарихтан білетініміздей кей адамдардың терісінің түсіне немесе шыққан тегіне, жынысына қарай ғылыммен, саясатпен айналысуына мүмкіндіктер берілмеген. Қоғамдық қадағалаудың нәтижесінде атомды зерттеуге елеулі үлес қосқан Лиза Мейтнердің есімі оқулық беттерінен алынып тасталып, өзінің ер әріптестерінің Нобель премиясын алып жатқандығын үндемей бақылауына тура келді.

Германияда антропологтар мен натуралистер өздерінен «төмен тұратын» нәсілдердің көзін жоюды ғылыммен ақтап алған. Ал КСРО-да билікке қарсылық білдірген ғалымдарды қудалап, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жойып отырған. АҚШ-та сананы қалай бақылауға болатынын зерттеу үшін, ештеңеден хабары жоқ адамдарға зиянды химиялық қоспалар мен наркотиктер берген. Қазіргі таңда адам құқығы мен саулығы кез-келген ғылыми зерттеуден биік тұратынын білеміз. Сонда да қоғам ғалымдарға өздерінің жұмысымен айналысу үшін қандай да бір кедергі не болмаса қысым көрсетілуіне қарсы тұра алуы керек. Статистиканың нақты жүргізілмеуі, кейбір деректердің қолжетімсіз болуы да кедергілер тізіміне енеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің зерттеу нәтижелерін жасырып қалуына жол беруге болмайды.

Қазіргі таңда ғылым өкілдеріне қаржы бөлу әлем бойынша тұрақтап қалған мәселелердің бірі. Мысалы, Дональд Трамп жаһандық жылынуға сенбегені үшін, климат, қоршаған орта, ауаның ластануына қатысты зерттеу жұмыстарына ақша бөлуге ниетсіз. Ал Қытай қаншама тұрғынының лас ауамен демалып жатқанына қарамастан, әртүрлі тауарды өндіруден бас тартып жатқан жоқ. Ресей басшылығы мемлекет аумағы бойынша қоқысты жағатын заводтарды салу түрлі аурулар мен тұрғындардың мезгілінен бұрын өмірімен қош айтысуына алып келетіндігін дәлелдейтін зерттеу жұмыстарына көз жұмуда. Өткен ғасырларға назар салсақ, ғалымдар өз ойларын қоғам алдында ашық білдіріп, саяси және әлеуметтік мәселелерді шешуде белсенділік танытқанын көруге болады. Мысалы, Альберт Эйнштейн өзінің 1946 жылы жарық көрген «The Negro Question» эссесінде «ақ адамдардың ауруы» жайлы айтып, АҚШ-тағы расизм мәселесін көтерген. Американдық ғылымды дамыту қауымдастығы (AAAS) Вьетнам соғысына ашық қарсылық білдірді, ал Карл Саган «Рейган» дәуіріндегі ядролық қарудың таралу қаупі туралы айтты.

          Тарих өзі дәлелдеп бергеніндей, қоғам саясатты қалыптастырады, саясат ғылымды бақылайды, ал ғылым саясат пен қоғамды ағарту ісімен шұғылданады. Сол үшін де ғылымды саясат пен қоғамнан оқшаулай алмаймыз.


Талқылау