Чемпиондар Лигасы, Еуропа Лигасы, уефа, футбол,

Қазақстандық клубтар еурокубок ойындарын бейтарап алаңдарда ойнауы мүмкін

Ресейлік инсайдер Вячеслав Короткин өзінің Telegram каналында УЕФА Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының жаңа маусымы жаһандық коронавирустық пандемия жағдайында қалай жалғасатынын айтты.

Короткиннің айтуынша, УЕФА шенеуніктері Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының іріктеу матчтары тамыздың соңы мен қыркүйек айларында қалай өтеді деп алаңдауда.

«Енді жоспарға сәйкес, іріктеу матчтарының кейбір бөлігі бір ғана ойын форматында өтеді(қарымта ойынсыз – ред.) - жеребе тастау арқылы алаң иелері анықталады. Алайда УЕФА бірқатар елдердегі коронавирусқа қатысты қолайсыз жағдайлар алаңдатуда. Жағдайды бақылау үшін ковид-индекс қолданылады: соңғы екі аптада 100 000 адамға шаққандағы жұқтырған адамдар саны анықталады. Жақсы көрсеткіш 20-25 деп саналады, Португалияда (Чемпиондар лигасының финалы тамыз айында Лиссабонда өтеді) 45, Люксембургте 100-ге дейін, Ресейде 90-ға жуық. Бұл өте көп»,- деп жазады Вячеслав.

Инсайдер УЕФА матчтар ковид-индексі нашар елдерде матч өткізбеу нұсқасын да  қарастырып жатқанын айтты - бұл командаларға, төрешілерге, делегаттарға қауіп төндіреді, тіпті екі апта карантинге жатқызылуы мүмкін дейді.

«Мұндай жағдайда бейтарап алаңдарда матчтар өткізу туралы нақты шешім қабылданатын жаңа қағида пайда болады.  Түпкілікті шешім қабылданған жоқ, қыркүйекте қандай көрсеткіштер болатынын ешкім білмейді», - деді ол.

Қазақстанда ковид-индекстің көрсеткіші туралы ашық ақпарат жоқ, бірақ біздің елімізде қатаң карантиндік шаралар қолданылғанын және ауру-сырқаулардың өсу қарқынын ескере отырып, біздің клубтар ресейліктердің тәжірибесіне жүгінуі бек мүмкін.


Талқылау