
Редакция
Елімізде 240-қа жуық жаңа кәсіп пайда болмақ
Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болмақ.
Бұл жайлы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Өзбекстанда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» халықаралық конференциясында хабарлады.
«Бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, роботтандыру біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Нәтижесінде еңбек нарығына жаңа мамандықтар еніп жатыр. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін, ал 95 кәсіп трансформациялануда. Бұл ретте елдегі жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандырудың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Әрбір екінші қызметкер қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болады. Жаңа дағдыларды меңгеру - табысты қызметтің кілті. Сондықтан кадрларды жылдам әрі икемді даярлау үшін жағдай жасау маңызды», – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, жақын арада жұмыс күші сапасы жақсарып, еңбекке қабілетті жастар санының артуы мүмкін.
«2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 37%-ы Z буыны болады. Ал ұрпақтың ауысуы жастардың еңбек қызметіне деген көзқарасының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл икемді жұмыс кестесі үшін қаржылық жеңілдіктерге баруға дайын ұрпақ, олар үшін кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сондықтан жұмыс берушілерге таланттарды сақтап қалу үшін жаңа талаптарға бейімделу маңызды болады», – деді Сарбасов.