туризм, демалыс орындары, қазақстан, карантин,

Елімізде қандай туристік аймақтар карантинге жабылды?

Елімізде коронавирус эпидемиологиялық жағдайының өршуіне байланысты бірқатар демалыс орындарының жұмысы тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі күзетті полиция қызметкерлері өз қолына алғанын және талапқа бағынбағандар жауапқа тартылатынын айтты.

Halyq news қандай туристік аймақтарға баруға шектеу қойылғанына шолу жасады:

        Қапшағай су қоймасы. 25 шілдеден 2 тамызға дейін санитарлық-курорттық нысандардың, демалыс үйлерінің, демалыс орындарының жұмысы тоқтатылды. Демалыс орталығының кіреберісіне мобильді бекеттер орнатылды.

        Алакөл көлі (ШҚО). 23 шілдеден бастап Шығыс Қазақстандағы Алакөл көлінде демалушыларды қабылдау тоқтатылды. Коронавирус инфекциясының таралу жағдайына байланысты шектеу шараларының режимі мен талаптары өзгеруі мүмкін.

        Есік пен Түрген шатқалдары.  23 шілде — 2 тамыз аралығында Түрген, Есік шатқалдарына үш адамнан аспайтын жеке топтарды қоспағанда, табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топтық шығулар жүргізу шектелген.

        Көбейтұз(Ерейментау аумағындағы барлық көлдер). 20 шілдеде «Көбейтұз», «Теңіз», «Құрбет», «Қоржынкөл» және Ерейментау ауданының аумағында орналасқан барлық көлдерге баруға тыйым салынды.

        Бурабай мен Зеренді курортық аймағы. 24 шілде 00:00-ден бастап 3 тамыз 00:00-ге дейін жабық болады. Туристік аймақтарға кіру кезінде периметрі бойынша блокбекет орнатылады және автокөлік қозғалысы шектеледі.

        "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 23 шілде сағат 00:00-ден бастап 2 тамызға дейін "Көлсай көлдері" МҰТП аумағына кіруге тиым салынады.

        Медеу, Алма-Арасан, Бутаков. 14 шілдеден бастап күшейтілген карантиндік шаралар аяқталғанға дейін ұлттық саябақтарға, танымал туристік және таулы жерлерге (Медеу, Бутаковка, Алма-Арасан және т.б.) кіруге кез-келген көлік түрімен тыйым салынады.

        Баянауыл, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөл. 16 маусым сағат 00-ден бастап бұл демалыс аймақтарының барлық демалыс үйлері мен жағажайлары санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жабылды.

Көптеген демалыс аймақтары жабылғанымен бірқатар ашық туристік аймақтар да бар. Олар: Алматы облысының аумағында орналасқан Алакөл, Алтын емел ұлттық паркі, Шарын және Ошағанды шатқалдары.

Сонымен қатар, белгілі санитарлық ережелерді сақтай отыра ішінара жұмыс істеп жатқан демалыс орындары бар. Олар: Балқаш көлі, Қарқаралы, Приозерск, Бұқтырма су қоймасы.


Талқылау