
Редакция
Елімізде жеңілдетілген автонесие беру басталды
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 100 млрд, ал өңірлердегі автобус паркін жаңартуға шамамен 30 млрд теңге бөлінбек.
"Жеңілдетілген автонесиенің сыйақы мөлшері – 4 пайыз, қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несие көлемі 10 млн теңге болады, яғни Қазақстанда шығарылған көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна көзделмеген. Дегенмен автокөліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, несиеге өтініш білдіруші азамат жетіспейтін ақшаны өз қаражаты есебінен толтырады", – деді акционерлік қоғам өкілдері.
Акционерлік қоғам өкілінің айтуынша,еліміздегі 4 банк жеңілдетілген автонесие беруге жұмылдырылды. Олардың қатарында "Халық банк", "Банк ЦентрКредит", "Форте банк" және “Еуразиялық банк" бар.
"Банктер қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Қазір өнеркәсіпті дамыту қоры басқа банктердің де өтініштерін қарастырып жатыр. Ол өтініштер мақұлданса, банктер саны көбейеді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Неғұрлым көп адам алу үшін бір азамат мұндай несиені 2 жылда бір-ақ рет рәсімдей алады", – деді акционерлік қоғамның басқарушы директоры Ғалымжан Әди.