дін, хиджап, орамал, мектеп, Нұрлан Байжігітұлы, имам, Нартай Аралбайұлы, сұхбат,

Хиджап таққан қыздарға тағы бір қабат хиджап керек

«Кейбір хиджап киген қазақ қыздарының хиджабының үстінен тағы бір хиджап керек»,-деп пікір білдірді Нұрлан Байжігітұлы Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында.

Жас қыздардың халықтың теріс пікіріне қарамай орамал тағып жатқаны белгілі. Бірақ еліміздегі білім басқармасы бұл нәрсені қолдауға асықпайды. Себебі мектепке орамал тағып келу, мүлде жат нәрсе деп санайды. Осы жайында Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы өз ойын айтты.

“Бірде мектепке осы қыздардың хиджап тағу мәселесі жайында шараға бардым. Әуелі оқушыдан оқу үлгерімін сұрадым. Кілең екі мен үшке оқиды. Онымен қоса қатарымен кәпірлік жасап, бір орамалмен Алланың алдында дәрежемді көтеремін деп ойлай ма? Сосын мектеп директоры ол қыздың кіреберісте өзге оқушылармен боқтасып тұрған видеосын көрсетті. Бұдан кейін басқарма мектепке хиджап тағуға келіспейді”,-деді дінтанушы.

Сондай-ақ қазіргі орамалдағы қыздарға тағы бір қабат хиджап керегін жасырмады. “Желпілдетіп, очки тағып, белін буып алады, бұл дұрыс емес. Орамалдағы қыздар дуалдан байқалмайтындай болу керек, көңіл бөлінбеу керек. Ал қазіргі орамалдағы қыздардың ісі жәй ғана сән үшін деп ойлаймын. Дұрыс деп айта алмаймын”,-деп мәлімдеді Нұрлан Байжігітұлы.

Айта кететін жайт Нұрлан Байжігітұлы орамалға ниеттеніп жүрген оқушы қыздардың қандай болу керектігін атап өтті. “Ең бірінші орамалға лайықты болу керек. Егер орамалға келгің келсе өзіңді түзе, лайық бол, үлгерімің жоғары, үлгі болатындай деңгейге жеткенде ғана, орамалға зияның келмейтін болса ғана тақ. Себебі сізді біз де қорғай алатындай болайық. Орамалыңызға сөз келмеу үшін жаман әдеттерден аулақ болу керек”,-деп аяқтады сөзін дінтанушы. 

Әсел Абдикер


Талқылау