
Редакция
"Иманға имам кір жақпас"
Бүгінде жастар түгілі ересек адамдардың қызығушылығына ілініп жүрген Нұрлан Имам жайлы түрлі ақпараттар тарап жатыр. Аз уақыт ішінде тикток желісі арқылы танылған "хит имамның" пікіріне, дінді уағыздағандарына халықтың көбісі дән риза.
Пандемия шектеулері аяқталғаннан кейін жастардың қолданысындағы желі арқылы, ұрпақты тәрбиелеу мақсатымен жүрген Нұрлан Байжігітұлы жалпақ тілде шариғат талаптарын түсіндіріп жүр. Сонымен қатар жақын арада Мекке-Медине қалаларына барып, қажылық жасауға келген қазақ халқына дінді уағыздаған болатын. Онымен қоса, Түркістан қаласында FARAB әмбебап ғылыми кітапханасында жастармен кездесу шараларын өткізді. Және Ахмет Ясауи колледжінде да арнайы кездесулер-семинар жасады. Кездесу барысында ұлттық құндылықтар, жастар арасындағы өзекті мәселелер жайындағы тақырыптарды талқылаған болатын. Іс-шара соңында көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, ыстық лебіздерін қабылдады.
Алайда, соңғы кездері Нұрлан Имамның айтқан пікірлеріне қарсылық танытып жатқандар да пайда болды. Қарапайым тілмен, көкейтесті сұрақтарға ашық жауап беріп жүрген «хит имамның» табан астынан пәтуә шығаруына танымал имам Қабылбек Әліпбайұлы қарсылық пікір танытты. «Ол кісі имам болса, уағызын айтуы керек. Бірақ, пәтуә мәселесіне кірісуге болмайды», деп айтып өтті. Сондай-ақ имамның өз пікіріне кереғар сөз айтқанын да халық талқыға түсірді. Бұған дейін Нұрлан Байжігітұлы Шығыс Қазақстан облысының бас мешітінің имамы, Ақтөбе облысының бас мешітінің имамы болып қызмет атқарған. Ресми түрде ҚМДБ-ның қызметкері болып табылады. Дінге, шариғатқа байланысты түрлі мақалалар да жазып шығарған. Діни білімінен бөлек, қаламынан бал тамған жан екені де мәлім.
Десе де дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлының банкке ақша салып, жинап үй салу мәселесіне айтқан пікірі халықтың сеніміне селкеу түсірді. Атаққа ие болмай тұрып өзінің жазған мақаласының бірінде депозит, ипотека, өсім мәселелерін үлкенді кішілі болсын харам екенін атап өткен еді. Алайда TikTok-тағы стрим кезінде оқырманның осы тақырыпқа байланысты қойылған сұрағына өзгеше жауап қайтарды. Нақтырақ айтсақ, банкте ақша сақтап, оған үй салуға болады деп айтқан-ды. Халықтың теріс пікіріне, дауына қалған Нұрлан имам бұл шудан кейін стрим кезінде "өсім жайлы сөз қозғалмады, тек банкте ақша сақтау жайлы айтылды" деп өз басын алып шықты. Осы және өзге де кереғар яки күмәнді уағыз, пікірлерден кейін Нұрлан имам қолдаушыларының сеніміне серкеу түсірді.
Бірақ әлі күнге дейін «тиктокер имамды» қолдайтын жастар аз еместігін тілге тиек етеміз. Түрлі жобаларға сұқбат беріп, мектеп, колледждерде кездесу шараларын, әлеуметтік желілерде насихат өткізіп жүрген Нұрлан Имамның бұл ісіне мүфтидің қандай ойда екені әзірге белгісіз. Әзіл шыны аралас әңгімесімен халықты баурап алған Нұрлан Имамға шектеу қойылмасы анық. Десе де, діннен алыс жастарға жалпақ тілмен дінді түсіндіремін деп жүріп, олардың қате насихатпен от басып кетпейтініне кім кепіл?