ішек инфекциясы, шомылу, шымкент, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті,

Ішек инфекциясынан қалай қорғануға болады?

Жаз мезгілі келіп, қала тұрғындары шомылу орындарында демалуды бастап кетті. Мамандардың айтуынша, осы кезде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, адамдар арасында жіті ішек инфекциясы мен тырысқақ ауруы тарайды. Сол себепті, халықты гигиеналық талаптарды сақтауға шақырып, алдын-алу шараларын даярлаған жөн. Бұл жайлы ақпараттық-коммуникациялар орталығында өткен брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, шомылу мезгілінде барынша сақтық жұмыстарын жүргізіп, ауру белгісі байқала қалған жағдайда уақыт жоғалтпай, медициналық көмекке жүгіну қажет.

“Жіті ішек инфекциялары-ағзада әртүрлі микроорганизмдер тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен жүретін және ағзаны сусыздандыратын жұқпалы аурулар тобы. Жылдың жылы мезгілінде-бактериалды инфекциялар, ал суық мезгілінде-вирусты инфекциялар тарайды. Бұл дерттерге балалар да, ересек адамдар да шалдығады”,-дейді Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары-Ахметов Алдарқұл Райымқұлұлы

Сонымен қатар, спикерлер инфекция қоздырғышы ішке түскен сәттен бастап, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 6 сағаттан 7 күнге дейін созылатынын айтты. Аурудан қорғану үшін гигиеналық талаптарды сақтап, міндетті түрде мамандардың кеңесіне жүгініп, ауруханада емделу қажет. Себебі, инфекциялық жұқпалы аурулар тез тарап, айналадағы адамдарға қауіп төндіреді.


Талқылау