тұрғын үй, әлеуметтік осыал топ, сатып алу құқығынсыз, жалға беру,

Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй алуға өтінімдер қабылдау басталды

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттарды қабылдау басталады. Бұл ақпаратты елордалық Тұрғын үй орталығы жариялады.

Орталықтың мәлімдеуінше, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына келесі санаттар жатады:

1) ҰОС ардагерлері;

2) жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

3) басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

4) 1 және 2-топтағы мүгедектер;

5) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

6) кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

7) жасына байланысты зейнеткерлер;

8) жетім балалар;

9) қандас;

10) экологиялық зілзалалар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

11) қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

12) толық емес отбасылар.

«Жетім балалар» санатына кіретін азаматтарға жалпы саны 35 пәтер бөлінеді. Оның 9-ы бір бөлмелі, 19-ы екі бөлмелі, 7-еуі үш бөлмелі. Ал, «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санатына жататындарға 20 бір бөлмелі пәтер, 46 екі бөлмелі пәтер, 16 үш бөлмелі пәтер беріледі.

Айта кетейік, жалға берілетін пәтерлер 5 жыл мерзімге беріледі. Ал, ай сайынғы жалдау ақысы 7 000 теңгеден 22 000 теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Пәтерлерге құжаттарды қабылдау 18 маусым сағат 9:00-ден 24 маусым сағат 23:59-ға дейін жүзеге асырылады.

Бағдарлама шарты бойынша азаматтар «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» немесе «Жетім балалар» санаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұруы керек.

«Қатысуға өтінімдерді кезекке тұрған барлық жылдардағы (2006-2022) азаматтар бере алады. Алайда қатысуға өтінім бергендердің арасында кезекке тұрған 2009-2010 жылдардағыларға іс жүзінде өтуге мүмкіндіктері көбірек», - делінген орталықтың хабарламасында.

Құжаттарды қабылдау qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды форматта жүргізіледі. Өтінім беру үшін қажетті құжаттар:

1) ЭЦҚ кілті;

2) ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің болмауы немесе болуы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;

3) балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы/отбасы мүшелерінің жеке куәлігі;

4) неке қию/некені бұзу/әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ қайтыс болу туралы куәлік (болған жағдайда);

5) жылжымайтын мүліктің құқық белгілейтін құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);

6) мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса);

7) созылмалы аурудың толық атауы, жеке бөлмеге мұқтаждығы және белгілі бір қабаты (бар болса) көрсетілген созылмалы аурудың медициналық қорытындысының сканерленген нұсқасы.

Өтінімдердің нәтижесі алдағы уақытта zhilfond.kz және gov.kz сайттарында, тұрғын үй орталығының әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады.


Талқылау

Ұсыныстар
Шымкентте “Бақытты отбасы” бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
21маусым

Шымкентте “Бақытты отбасы” бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

20:29