монета, теңге, тиын, 200, ұлттық банк,

Ұлттық Банк номиналы 200 теңгелік монеталарды шығарды

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2020 жылғы «28» қаңтарда 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы монеталарды айналысқа шығарады.

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы No 804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде – тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде – тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип)

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс

Массасы: 7,5 грамм

Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкі дискі – 18,3 мм Қалыңдығы – 1,90 мм

Қыры: 16 ойықтар.

Айта кету керек, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.


Талқылау