Молдағали Жолдыбаев, қазақ газеті, бала тәрбиесі,

Молдағали Жолдыбаевтың «Қазақ» газетіне бала тәрбиесі жөнінде жазған мақаласы

«Алаш қозғалысы» қаншалықты ескірсе, Алаш қайраткерлерінің еңбектері соншалықты жаңғыра түсуде. Олардың әр салада қалдырған іздері, бүгінгі ұрпаққа жаңа қырынан танылып келеді. Назарларыңызға 1937 жылы «Халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілген, педагог әрі журналист М. Жаңа Байбақтының (Молдағали Жолдыбаев) «Қазақ» газетіне бала тәрбиесі жөнінде жазған мақаласын ұсынып отырмыз.

Адам баласы басқа мақұлықтардан қандай ақылды, өнерлі болса, сондай осал, төзімсіз. Басқа жәндіктер ешбір жәрдемсіз, қарусыз жорытып жүретін ыстық я суықта адам баласы киім киіп, үй салып басын қорғайды. Тауықтың балапаны туысы мен тамақ іздеп шауып кетсе, адам баласы берген тамақты әрең ішеді. Сондықтан адамның адам болуына көп күтім, көп тәрбие керек. Басқа жәндіктерге тәрбие бек аз һәм тән тәрбиесі ғана керек. Адам балаларына, жаратушы аллаға, ұлтына һәм өзінен кейін өсіп-өнетін ұрпақтарына міндеті көп болғандықтан, тән тәрбиесі қанша керек болса, жан тәрбиесі сонша керек. Адамның аштан, отқа күйіп, суға түсіп өлмей адам болуына туған сағаттан бастап тән тәрбиесін жасау керек болса, жан тәрбиесін де сол мезгілден бастау керек. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген қазақ мақалы осы туралы айтылса керек. Бала тәрбиелеудің керектігін жұрт баяғыда білген. Бірақ әр халық әр уақытта әр түрлі себептермен түрлі-түрлі түсінген. Мәселен, Мысыр халқы баланың шаруаға шеберленуін мақсат қылған. Спарта халқы бала тәрбиелеудің мақсаты баланы өжет, жауынгер қылу деп түсінген. Бірқатар халық бала тәрбиелеуді патшалыққа беретін салғырт орнына жүргізген. Біздің қазақ халқы да балаға тәрбиенің керектігін көп заманнан түсінулі. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген ескі мақал. Бірақ біздің халықтың бала тәрбиелеудің негізін анық түсінбегендігі даусыз. Түсініп, дұрыстап орындаған болса, біз мұндай болмас едік. Біздің халықта бала тәрбиелеудің негізі «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» һәм «Көш бойыңды, жасыр ойыңды» болған. Дүниедегі адамнан басқа жәндіктер бір пайдаға асумен, қаруымен құрметтеледі (Ат мініс берумен, сиыр сүт берумен деген сияқты). Адам баласы тек адам болғаны ғана үшін құрметтеледі, құтырған жан басқа бір себептен пайдасыздыққа шыққан мақұлықты атып өлтірсе, жұрт қуанады. Пайдасыздыққа шыққан кісіні атып өлтірсе, жұрт аяйды, өлтіруші ождан азабын тартады. Мұның себебі, адамның адамдығы. Яғни, басқа нәрселер тек мақсатқа жеткізетін құрал болғанда адамның өзінің мақсаты болғандағы әңгіме адамның жанында, рухында болғандығы. Олай болса, адамның тәрбиесі тек тән тәрбиесі болмай, жан тәрбиесі де болу керек. Жан тәрбиесі бір дүздеме болмай, нағыз екі бет болу.

Бұл бала тәрбиелеу хақында біз бүгін әңгіме қылып отырмыз. Грек халқы бұдан екі мың жылдай бұрын түсініп, педагогия дейтін ғылым шығарып, қолданып көрген. Бұл біздің көп кенже қалған ғылымдарымыздың бірі ғой. Бала ақыл тоқтатып, есеймей тұрып-ақ көргенін істей бастайды. Үйінде намаз оқушылар болса, намаз оқиды, насыбай атушы болса, қол насыбай қылып атады, шылым тартушы болса, шөпті шылым қылып тартады. Домбыра тартушы болса, қолына түскенін домбыра қылады. Жақсы істесе, жақсы, жаман істесе, жаман істейді. Бұлай болса, бала тәрбиелеудің негізі ата-анасында. Бірінші шарты ата-анасының балаға мүмкін қадыр жақсы үлгі көрсетуге тырысуы. «Баланың жаны кірсіз тақтай, не жазсаң соны оқырсың» деп бұрынғы даналар жұлдық қылып белгілеп кеткен. Сондықтан ата-анаға қолдан келгенше «Ұлы, қызы жақсымен ауылдас болып, жаманнан  жиіркендіріп, жақсыға қызықтыру парыз. Екінші  шарты мезгілі  жеткен (7 жасар) баласын бай жалшылармен бірге бақтырмай, кедей 8 айға 3 сомға жалдап, өстіп құдайдан, баласынан, кейінгі ұрпағынан қарғыс алмай, баланы молдаға дін ғылымын үйренуге, Ордағы дүние ғылымын үйренуге беру. Бастапқысынан құдайын танып, иманын біліп, соңғысынан құдайдың жаратқан заттарын танып, ыждақатын күшейтіп, шын мұсылман, шын адам, ұлттық шын баласы болсын. Молдалар мен мұғалімдерге де бұрынғыдай «аюды үйреткен таяқ» деп балаларды сабап, арқасын қанатып, сонан соң «молданың соққан жері отқа күймейді» деп жұбатуды қоюы керек. Таяқ аюды-айуанды үйретеді, ақыл иесі адам баласын ыза қылып, арландырып шамадан шығарады. Дін үйретуші пайғамбарлар ешкімді сабамаған көрінеді. Мұғалім «ғұннасын» шығар деп таяқ жұмсаса, учитель «ударение» қайда деп құлағын бұраса, бұл бала тәрбиелеу болмайды. Яғни баланы қайыру, баланы бұзу баланың кірсіз ақ қағаздай жанын ластау болды.

Адам баласы барлық білікті сыртқы бес мүшесімен алады. Көзбен көріп, құлақпен естіп, мұрынмен иіскеп, тілмен татып, денемен сезіп.Сондықтан баланы оқытқан уақытта бұл бес мүшелердің барлығын бірдей тәрбиелеу керек. Бірқатары тәрбиеленіп, бірқатары тәрбиеленбей қалса, ол балаға зор кемшілік келтіреді. Адам балалары бір нәрсені білуде түрлі –түрлі болады. Біреу есіткенін ұмытпайды, біреу көргенін ұмытпайды, біреу татқан дәмін ұмытпайды. Бірақ ондай адам сирек болады. Бір медреседе, бір класта оқып жүрген балалардың біреуінің олай, біреуінің былай болуы осыдан. Сондықтан оқытушылардың бұл бес мүшені бірдей тәрбиелеуге ыждаһат қылулары тиіс. Мәселен, кітаптың ішінде «Қызғалдақ» деген сөз ұшырайды. Оқытушы қызғалдақ деген қызыл жапырақ деп өте шықса, ертеңге шейін тек есіткенін ұмытпайтын балалардың ғана қатерінде қалады. Басқасы ұмытады. Егерде қызғалдақ деген мынадай жапырақ деп көрсетсе, өзі жеңіл һәм жұмсақ деп ұстатса, исі жақсы деп иіскетсе, дәмі ащы деп жалатса, балалардың біреуіде ұмытпайды.

Сонымен баланы оқытқанда жеңіл жолмен бар мүшелерін бірдей тәрбиелеп, әзір білімді баланың кішкентай басына тыға бермей, жетелеп өзіне іздетіп, ақылын кәмілдеп, ізгілікке жетелеп, жүрегін адалдап, жақсыға қызығатын, жаманнан жеркенетін қылып табиғатын жіңішкертіп шығару мақсұт.

Бұл газет бетіне жазылған қысқа ғана ой. Қалың кітаптар маңызды, тауыса сөйленетін бұл туралы сөздер ардақты ғылым иесі адамдардың жұмысы.


Талқылау