Құранды жыртып құбыжыққа айналған қыздың оқиғасы. Расымен солай ма?

Құранды жыртып құбыжыққа айналған қыздың оқиғасы. Расымен солай ма?

...Иорданиялық отбасылардың бірінде болған бұл оқиға жан түршіктіреді. Дін жолында жүрген әйел Құран аяттарын оқып отырған уақытта, келесі бөлмеде дауысын қатты қойып музыка тыңдап отырған қызынан ән дауысын сәл бәсеңдетуін сұрайды.

Сәнқой әрі өзін қазіргі заманға лайық адаммын деп есептеп жүрген қызы жауап ретінде анасының қолындағы Құранды жұлып алып, жыртып, табанына таптайды. Сол мезетте қыздың денесі өртене бастапты. Көз алдында қызының денесі жанып жатқанын көрген анасы өртті өшірмек болып үстіне көрпе жаба салады. Өрт басылды-ау деген уақытта көрпені ашқан ана көз алдында қызы емес, құбыжық тұрғанын көреді. Қорқынышты кейіпке түскен қыздың денесіне түк қаптап, аяқ-қолдары ұзара түседі. Жан түршігерлік өзгеріске бүгінгі күнге дейін дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай дал болуда. Мұндай халге душар болған қызын азаптан құтқармақ болған ата-анасы медицина арқылы қызын ұйықтатып тастауға еріксіз келісім береді...

Бұл ihsan.kz сайтында жарияланған мақаладан үзінді. Осы жазба бұдан бөлек alashainasy.kz порталына және тағы басқа әлеуметтік желілерге жарияланыпты. Расымен де 2000 жылдардың басында осыған ұқсас өтірік-шыны аралас әңгімелер ел арасында қаптап кеткен еді. Жұрт суреттегі құбыжықты көріп, біраз уақыт «шошып» жүрді.   

Алайда, суреттегі құбыжық Патриция Пиччининидің қолынан шыққан өнер туындысы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Австралиялық Патриция Пиччинини сурет, кескіндеу, мүсін, бейне, 3D Printing, дыбыс және инсталляция өнерімен шұғылданады. Оның гиперреализм бағытындағы дүниелері адам бойында «біртүрлі» көбіне «жиіркеніш» сезімдерін оятады. Туындыларының бірқатар бөлігі мутацияға ұшырған жануарлар мүсіндерінен тұрады. Оларды шыны, силикон, адам шашатары секілді заттардан жасайды.

Төмендегі суретте өнер иесінің 2003 жылы Австралиядағы павильонда қойылған «Leather Landscape» атты туындысы. Ол силикон, полиуретан, тері, және адам шашынан жасалған. Көріп тұрғаныңыздай ондағы құбыжық әлгі Құран жыртқан қыздың бейнесінен аумайды.

Демек, бұл құбыжықты жоғарыдағы оқиғамен байланыстыру, шындыққа жанаспайды. Ал оқиғаның рас өтірігі туралы нақты мәлімет жоқ.

Патриция Пиччининидің өзге де туындыларын ұсынамыз.

Сурет: patriciapiccinini.net

 

 


Талқылау