Cambridge Line, мектеп-лицейі, заманауи мектеп, шымкент,

Шымкентте заманауи үлгідегі мектеп ашылды

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында 450 оқушыға арналған «Cambridge Line» мектеп-лицейі бой көтерді.

190 оқушы су жаңа мектеп табалдырығын аттады. Бантик таққан қыздар мен ақ жейделі ұлдар ұстаздарына гүл беріп, сыныптастарымен танысуда. Енді олар толығымен заманауи үлгіде жабдықталған білім ордасында мектеп алды даярлықтан бастап, 11-ші сыныпқа дейін білім нәрімен сусындай алады.

Тастанбек Есалыұлы, ата-ана

Мен бүгін немеремді алып келдім. Ол биыл 3 сыныпқа қадам басты. Мына мектептен үмітім зор. Мұндағы мұғалімдерді жақсы танимын. Білімді, білікті ұстаздар. Үлкен ұлым тәлім алған. Енді осы ұстаздарға немеремді де сеніп тапсырып отырмын.

Мектеп ақылы. Бір баланың жылдық оқу ақысы 1 млн 750 мың теңге. Дегенімен білім сапасы да соған сай. Мектеп басшысының айтуынша «Cambridge Line» лицейі Англия, АҚШ, Германия секілді елдермен меморандумға отырған. Қазірдің өзінде бірнеше ұлттың өкілдері сабақ береді. Сондықтан оқушылардың қазақ, орыс тілдерімен қатар бір жылдың ішінде ағылшын тілін жетік меңгеріп шығуына мүмкіндігі бар.

Сабақ 8:30-да басталып, 17:30-ға дейін жалғасады. 3 мезгіл тамақ беріледі. Сонымен қатар түрлі үйірме сабақтары бар.  

Фатих Тосун, «Cambridge Line» мектеп-лицейінің директоры       

Мектебімізде аты айтып тұрғандай Кембридж жүйесі қолданылады. Ол заманауи, әлемдік стандарттарға негізделген. Математика, физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшынша жүреді. Кез келген оқушыны 1 жыл ішінде ағылшынша үйренуі керек деген мақсат қойып отырмыз. Сол үшін мұғалімдердің де біліктілігіне көп назар аудардық. Қазіргі таңда 40 ұстаз қызмет етеді.        

Мекенжайы: Нұрсәт шағындауданы, 259


Талқылау