экология, шымкент, ластану, әкімдік, орынбасар,

Тазалау жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген орынбасарлар жауапкершілікке тартылды

Былтыр Шымкент қаласы аумағында бей-берекет қоқыс үйінділерінің 122 координаттық нүктелері анықталған. Оның 114 нүктесі аудан әкімдіктермен бірлесіп тазаланды. Ал тазалау жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген Абай, Әл-Фараби және Еңбекші ауданы әкімінің орынбасарлары жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы О.Егембердиев мәлімдеді.

Жалпы 2019 жылы қалада 68 тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 3,13 млн теңгені құрайтын 73 әкімшілік айыппұл салынған. Кәсіпорындардан қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру жөнінде жалпы сомасы 215,8 млн теңгеге  26 нұсқама берілді.

2019 жылы қаламыздың ірі кәсіпорындарында табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру нәтижесінде «ПетроҚазақстан Ойл продактс» ЖШС-де сарқынды суларды тазалау қондырғылары іске қосылып, ауаға ластаушы заттардың жылына 1500 тоннаға дейін шығарындылары азайтылды. Мұнай шламдарын өңдеу үлесі артты.

Сондай-ақ қаладағы келесі экологиялық проблемалар атап өтілді: атмосфералық  ауаның көлік шығарындыларымен ластануы;  жауын, еріген қар суларымен Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің ластануы,  құрылыс қалдықтарын жинақтап, сұрыптайтын арнайы орынның болмауы, бұрынғы қорғасын және фосфор өндірістерінің қалдықтарын қайта өңдеу мәселелері.

Министрлікпен жаңа экологиялық кодекс жобасы әзірленіп, 2020 жылдың басында ҚР Мәжілісі қарауына енгізілді.

        


Талқылау