теңізшевройл, жекешелендіру, сатылым,

«Теңізшевройл» сатылымға қойылды

Қаңтар оқиғаларынан кейін жекешелендірудің бесжылдық кешенді жоспары түзетілді. Осыған дейін еліміздегі сарапшылар ұлттық экономикамыздың көлеңкелі тұстары жайлы жарыса айтып, жиі сынға алатын. Мәжіліс отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері әлі күнге дейін айқындалмағанын атап өткен болатын. Ел Президенті бұл істі сынға алып, жекешелендіруді жүйелі әрі ашық жүргізуді тапсырды. Аталған жобаны қолға алған Үкімет жоғары кеңестің жабық өткен жиынында Президенттің назарына 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жобасын ұсынды. Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес негізгі талаптар бекітіліп, белгіленді. Ол жекешелендірудің соңы жеке монополистердің пайда болуына әкеп соқпауын, жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуын қатаң ескертіп, активтерді жекеге сату арқылы бюджетке түсетін салмақты азайту қажеттігін айтты.

Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, акциялар пакетінің толығы немесе жарты бөлігі жеке секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайды. Ал, бәсекелестік ортаға 5 триллион теңге көлемінде активтер берілмек.

Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың пікірінше, жаңа қаулы ірі инфрақұрылым нысандарына мемлекеттік бақылауды сақтауды қамтамасыз етеді.

"Құжат Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Оны қабылдау бәсекелес ортаға берілетін заңды тұлғалардың санын күрт ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде мемлекеттің ел экономикасына қатысу үлесі едәуір қысқартылады. Мемлекеттік мүліктің тиімді қожайындар қолына өтуі қамтамасыз етілді. Жобаны қабылдау мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттырады", – деді экономист Әлібек Қуантыров.

Жоспарға сәйкес, "Теңізшевройл" ЖШС келесі құрамда: "Tengizchevroil International Bermuda", «Tengizchevroil Finance Company International» нысандары сатылымға қойылды.


Талқылау