моңғолия, шенеунік, наразылық, шеру, қытай, көмір, жемқорлық,

Уақытша тыныштық. Моңғолиядағы қарапайым халық биліктің жұмысына неліктен наразы?

Моңғолияда сыбайлас жемқорлық дауына байланысты наразылықтар 2022 жылдың 3 желтоқсанында басталған. Ұлан-Батордың орталығына жиналған шерушілер Қытайға экспортқа жіберілген 12 миллиард долларды құрайтын көмірді ұрлағандарды жазалауды талап етіп, Үкімет сарайына басып кірді. Қауіпсіздік күштері алғашқы шабуылды жеңе алғанымен демонстранттар шегінуден бас тартқан.

Жергілікті БАҚ-тың айтуынша халық наразылығына көптеген саясаткерлердің экспорттық көмірді ұрлауға араласуы себеп болды деп жазады. Бейресми деректер бойынша Моңғолиядан 6,5 миллион тоннаға жуық көмір ұрланған. Сондай-ақ Қытайдың Моңғолиядан көмір ұрлағандарды өлім жазасына кесіп, осы іске қатысы бар моңғол шенеуніктерінің аты-жөні жазылған тізімді жіберуін талап етіп отыр.  Моңғолияның Әділет және ішкі істер министрі Хишгэгийн Нямбаатардың айтуынша үкімет дипломатиялық арналар арқылы Бейжің билігінен көмір ұрлығы ісін тергеп жатқан Қытай прокуратурасымен ынтымақтасуды сұрағанын айтқан.

Моңғолия өз тауарларының 86%-ға жуығын Қытайға экспорттайды, оның жартысынан көбі көмір. Моңғолиядан көмір экспортының құны 2022 жылдың алғашқы 9 айында 4,5 миллиард долларға көтерілді.

Айта кетейік, 4 желтоқсанда Ұлан-Батордағы үкімет сарайының алдына жиналған наразылар моңғолияның соңғы екі жылдағы көмір экспортынан түскен 44 триллион тугрикті жымқырған шенеуніктердің аты-жөнін айтуды талап етті. Бірнеше шерушілер қолдарына мемлекеттік тулар мен «Халықты тонауды доғар», «Менің болашағымды ойламаңдар» деген плакаттар ұстап тұрды. Бірнеше жүз демонстрант "соңына дейін барамыз" деп, дүйсенбі күні наразылық акциясын жалғастыруды ұйғарды.

Моңғолияның үшінші қаласы Дарханда да көмір ұрыларының атын атап, дүние-мүлкін тәркілеуді талап етті. Жексенбі күні наразылық білдірушілер «Ұрыларға қарсы бірігіңіз» деген ұрандармен қаланы аралап өтті. Шерушілер Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары барған сайын шектеліп, тұрмысы күннен-күнге нашарлап барады деп хабарлайды Моңғолия мемлекеттінің жергілікті БАҚ өкілдері.

Желтоқсанның 5-і күні наразылық білдірушілер Улан-Батордағы Үкімет сарайына басып кірмек болған. Сүхбаатар алаңында шыршалар өртеніп, шерушілер елорданың басты бульвары Мира даңғылының жолын қысқа уақытқа жауып тастады. Шерушілер де премьер-министр резиденциясына қарай жылжығанымен, полиция оған баратын жолды жауып тастаған.

Моңғолия билігі наразылық білдірушілермен диалог жүргізу үшін жұмыс тобын құрғанын хабарлады. Моңғолия үкіметі жағдайды үш рет талқылап, «Эрдэнэс Тавантолгой» мемлекеттік көмір компаниясына «ерекше режим» енгізгені хабарланды. Экономикалық даму министрі көмір ұрлығына күдікті ретінде компанияның бұрынғы бес директорын атап өтті.

6 желтоқсандағы жаңалыққа сәйкес,Улан-Баторда полиция қызметкерлерінің таратуына байланысты 5 желтоқсанда үзілген наразылық акциясы қайта басталды. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, қала орталығына 200-ге жуық демонстрант жиналған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, шабуыл кезінде төбелестің салдарынан Үкімет сарайының төрт қауіпсіздік қызметкері, сондай-ақ екі наразылық білдіруші жараланған. Билік шерушілер жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ге дейін тарамаса, демонстрацияны күштеп тарататынын хабарлады.

Сонымен қатар, Моңғолия президенті Ухнаа ұлы Хүрелсұх үкімет басшыларына наразылық білдірушілермен кездесіп сөйлесуді талап етті. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше олармен премьер-министр Лувсаннамсрай ұлы Оюун-Эрдэнэ кездесті.

Наразылық білдірушілердің сөзінше олар үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен. Алайда, Моңғолия президенті шеруге шыққандардың талабын орындауды тапсырған. БАҚ өкілдерінің айтуынша жергілікті халық бұдан былай шыдай алмайтындарын айтқан.

Гүлім Муратали


Талқылау