ағаш кесу, заң,

Заңсыз ағаш кескендерге қатысты жаза күшейтіледі

Үкімет желтоқсан айында өсімдік әлемі объектілерін сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізбек.

Аталмыш заң жобасы жасыл желектерді пайдалану кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ қатынастарды реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, жаңа заң жобасында Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер бойынша ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылған.

«Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке жәнe заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады», — дейді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, министр Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір ағашты заңсыз кескені үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылғанын айтты. 

Ал құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлды министр келесідей арттыруды ұсынды:

- жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін;

- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін;

- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін;

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін.


Талқылау