
Редакция
Жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдау басталды. Несие аларда нені ескеру қажет?
Бүгіннен бастап жеңілдетілген автонесие бойынша көлік алу бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өтінім беру Астана уақытымен 10:00 де autonesie.kz сайтында ашылды. Өтінім беру үшін клиент сайтқа кіріп, ЭЦҚ деректерін енгізу арқылы қосыла алады. Бұл платформада тек ҚР азаматтарына ғана қосылуға мүмкіндік бар. Яғни, тұрғын ЭЦҚ өтінім берген кезде деректер өрісі ЭЦҚ арқылы автоматты түрде толтырылады. Одан кейін телефон нөміріңізді енгізіп, көлік өндіруші компанияны таңдайсыз да өтінімге қол қоясыз. Өтінімнің тіркелу барысы мен нәтижесі сайттың “жеке кабинет” бөлімінде көрініп тұрады.
Автонесие алу талаптары бұрынғыдан өзгермейді. Негізгі шарттар:
1) Көлік құны 15 млн тг-ден аспауы шарт.
2) Максималды қаржыландыру; сомасы 10 млн тг ге дейін;
3) Қаржыландыру мерзімі 7 жылға дейін;
4) Бастапқы жарна 0%
5) Сыйақы мөлшерлемесі 4%
Бұл жобаны елімізден қос бірдей компания “СарыарқаАвтоПром” ЖШС және “Hyundai Trans Kazakhstan” ЖШС қолдайды. Өтінімініз мақұлданса бұл компаниялар 60 күн ішінде көлігіңізді жеткізіп беруі тиіс.
Жобаға еліміздің 4 банкы арқылы қатысасыз. Олар “Қазақстан Халық Банкы” АҚ; “Форте Банк” АҚ; “Банк Центр Кредит” АҚ; “Еуразия Банк” АҚ;
Қазақстандықтардың өтінімі негізгі 3 себеппен қабылданбауы мүмкін. Біріншіден, осыған дейін қандай да бір бағдарлама аясында несие алған жағдайда; Екіншіден, сайтта осыған дейін өтінім беріп, ол қаралымда жатқан адам жаңа өтінім қоса алмайды. Үшіншіден, бағдарламаға қатысып жатқан банкте қаражат лимиті таусылса өтінімдер кері қайтарылады.
Жобаға екінші деңгейлі банктерден 100 млрд тг бөлініп, 12 мыңға жуық көлік сатып алынды. Автонесие орташа құны 8 млн-ға жуық соманы құрайды.
Дегенмен, сарапшылар бұл бағдарламаның шикіліктері көп деп санап, сынға алуда. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше 10 млн тг-ге сапалы көлік алу мүмкін емес. Керісінше жоба халық наразылығын тудырып сыбайлас жемқорлықты өршітуі мүмкін. Ал сарапшы Ернар Серіктің сөзінше, бұл несие мақсатсыз тарқатылуда. “-Мұндай несиелерді жағдайы орта немесе төмен халыққа ғана қолжетімді ету керек. Бірақ елде халықты деңгейге бөлетін жүйе жоқ. Сондықтан жоба игілігін тағы да сол машина жинаушылар көріп жатыр” - дейді сарапшы.
Автокөлік сарапшысы Олжас Оқас болса бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше қазіргі елдегі инфляция деңгейі 20% жуық екенін ескерсек бұл көлікті шығынсыз жаңартуға таптырмас мүмкіндік. Себебі жылдық 4% мөлшерлемені таба алмайсыз. Бірқатар мәселелер бары жасырын емес, алайда уақыт өте олар да шешіледі. Ай сайын 10 млрд тг бөлінсе жақсы еді, қазір ай сайын 100 көлік сату жоспарланған.
Бүгінгі күнге сайтта 760 өтінім қабылдау жоспарланған. Өтінім саны 760 болғанда сайт автоматты түрде жабылады. Алайда платформа ай сайын тұрақты жұмыс жасайды. Яғни, ақпанда тіркеліп үлгермесеніз, наурыз айында қайта өтінім бере аласыз.
Өтінімдердің көптігі салдарынан платформа ашыла салысымен 5 минутта жабылып қалған. Сайт қазір өтінім берудің мүмкін еместігін көрсетіп тұр. Небәрі алғашқы 18 секундта 761 өтінім қабылданып, сайтқа енгізілген сұраныс 10000 нан асып жығылған. Платформаға түскен қысым көлемі секундына 1 гб-тан жоғары болды. Қазақстандықтар болса жаңа жүйедегі олқылықтар көп екеніне шағымдануда.
Өнеркәсіпті дамыту қоры қолайсыздық тудырған бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Autonesie.kz жүктемелерді еңсеріп, өтінімдерді қабылдады. Лимитке жеткеннен кейін 18 секундта сайт автоматты түрде жабылды»,- делінген хабарламада. Енді келесі өтінім беру наурыз айында ашылады.
Дінмұхаммед Тансық