Жақып Асанов, жоғарғы сот, қызмет, Асламбек Мерғалиев,

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов қызметінен босатылды

Сенатта Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеудің айтуынша, жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов жаңа жұмысқа ауысады.Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы лауазымына Асламбек Мерғалиевтің кандидатурасын ұсынған болатын.

Жақып Асанов 2012 жылға дейін Мәжілістің IV және V шақырылымдарының депутаты болды. 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстанның «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер ұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі, Павлодар облысының прокуроры, сондай-ақ Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2016-2017 жылдар аралығында Жақып Асанов Бас прокурор қызметін атқарып, 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жоғарғы сот төрағасы болды.

«Жақып Қажманұлы бес жыл бойы сот жүйесін абыроймен басқарды. Елдің дамуына, құқықтық жүйенің, заңның үстемдігіне елеулі үлес қосты. Әділетті Қазақстан бағытында көптеген реформалар жүргізілді. Жақып Асанов өз жұмысын жақсы атқарды деп есептейміз», - деді өз сөзінде Мұрат Нұртілеу.

Айта кетейік, бүгін Парламент Сенаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жаңа төрағасын сайлады. Депутаттар Асламбек Мерғалиевтің кандидатурасына дауыс беріп, ол ант қабылдады.

Гүлім Муратали


Талқылау