жамбыл облысы, су басу, төтенше жағдай,

Жамбыл облысында сел жүріп, үйлерді су басты

Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылын қатты жауған бұршақ пен нөсер жаңбырдан соң, тау суы шайып кеткен.

Тұрғындардың айтуынша, бір сағаттан аса жауған бұршақ пен жаңбыр суы жиналып, таудың етегіндегі Үлкен Сұлутөр ауылына ағып келген. Лай су екі мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекеннің басты көшесімен аққандықтан, онда көлік қозғалысы қиындаған.

Облыстық төтенше жағдайлар комитетінің мәліметіне сәйкес, сел салдарынан 2 шаруашылық ғимараты зақымданып, 3 үйдің ішін су басқан. Ал, 1 үйдің газ құбырлары қираған.

“Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Ырғайты өзенінің бойында көлбеу ағын пайда болды. Нәтижесінде ауылдың жол төсемі жырылмаған қалыпта су басты. Сондай-ақ су ағынының салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылыстары зақымдалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ”,-деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков.

Сонымен қатар, ағысы қатты болған ағын судан малдар мен тауықтар қырылған. Дәл қазіргі уақытта оқиға орнына құтқарушылар барып, қауіпсіздік шараларын жүргізіп жатыр.


Обсуждать